Алматы облысында карантинге жабылған саяжай кіреберісіне 3 блокпост қойылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында карантин енгізілген саяжайлардың кіру және шығу жолдарына 3 блокпост қойылды, деп хабарлады Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінде "Көксай", "Береке", "Алтын Алма", "Алтын Адам" саяжай массивтері коронавирус инфекциясына байланысты карантинге жабылған болатын. Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында аудан аумағында шектеу шаралары күшейтілді, - деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметі.13 сәуірдегі жағдай бойынша аудан көлемінде індет жұқтырған 11 адам тіркелген.
Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округіндегі "Көксай", "Береке", "Алтын Алма", "Алтын Адам" саяжайларында коронавируспен екінші адамның ауырғаны белгілі болғаннан кейін Еңбекшіқазақ аудандық бас санитар дәрігерінің қаулысы негізінде аталған саяжайларда 2020 жылдың 12 сәуірі күнгі сағат 00.00-ден бастап 26 сәуірге дейін тұрғындардың шаруашылық және басқа да өмір қажеттіліктерінің ерекше жағдайы қарастырыла отырып, карантин режимі енгізілді.
Аталған саяжайларда жалпы 1512 аула бар, онда 9 мыңдай адам тұрады. Саяжай массивінің жалпы алаңы - 111 га.
Саяжайларға кіру және шығу жолдарына 3 блокпост қойылды. Посттарға полиция қызметкерлерінен 40 адам, 6 медицина маманы тартылған. Сол сияқты Еңбекшіқазақ ауданының аумақтық қорғаныс ротасының жеке құрамынан арнайы әскери жиынға шақырылған әскери міндеттілер қатарындағы 45 адам аталған саяжайларды қоршауға тартылды.
Саяжайлардың аумақтарында 14 азық-түлік дүкені жұрыс істейді, газ толтыратын 2 көлік қойылған, қажеттілігіне қарай 2 көлік (су таситын) резервте дайын тұр, сол сияқты ауыл тұрғындарының өтініші бойынша 2 көшпелі дәріхана қызмет көрсетуге әзір. Яғни карантин енгізілген саяжайларда тұрғындардың тіршілік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге барлық жағдайлар қарастырылған. Бұл мәселе облыс әкімінің ерекше бақылауында.