Саяси тұтқындардың нақты саны әлі күнге дейін анықталған жоқ – тарихшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саяси тұтқындардың нақты саны әлі күнге дейін анықталған жоқ. Бұл туралы тарих ғылымдарының кандидаты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Сәбит Шілдебай айтып берді.
Халықаралық "Мемориал" қоғамы басқармасының төрағасы А. Рогинскийдің есебі бойынша, КСРО бойынша 1918–1987 жылдары 7,1 млн адамды мемлекеттік қауіпсіздік органдары тұтқындаған. Ал тарихшы В.П. Поповтың есебі бойынша, 1923–1953 жылдардағы барлық тұтқындардың саны 39,1 млн адамнан асып жығылады. Демограф А.Г. Вишневский 1920–1953 жылдары 25-30 млн адам тұтқында болғанын айтады. Яғни, КСРО көлемінде жалпы тұтқындардың, соның ішінде саяси тұтқындардың нақты саны әлі күнге дейін анықталған жоқ, - деді С.Шілдебай.
Тарихшының айтуынша, дәл осы жағдай Қазақстанға да қатысты.
1937–1938 жылдары Қазақстанда ҚК 58-бабы бойынша 45 563 адам тұтқындалса, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Мұның өзі де әлі тексеру мен арнайы зерттеуді талап етеді. Қазақ жеріне саяси айып тағылып, 1,5 млн-нан астам өзге этнос өкілдері депортацияланды. Қазақстандағы ГУЛАГ жүйесіне кіретін жиырмаға жуық еңбекпен түзеу лагерлерінде 5 млн адамнан астам тұтқын зардап шекті. Бұл мәліметтердің барлығы да шамамен алғанда, - дейді Шілдебай.
Сондай-ақ, оның айтуынша, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, негізсіз түрлі айыптармен сотталған адамдардың нақты санының жоқтығы сияқты, нақты ақталғандардың да саны белгісіз.
Ол үшін құрылатын мемлекеттік комиссия осы бағытта ұзақ жылдар бойы іргелі зерттеу жұмысын жүргізу қажет. Ол архив мәселесінің шешілуіне де тікелей байланысты, - дейді ол.
Тарихшы мемлекеттік комиссияның жұмысы нәтижелі болу үшін не істеу керегін айтты.
Құпия белгісі бар құжаттар түгел ашылып біткен жоқ. Ал қуғын-сүргін тарихына қатысты архив құжаттары түгелге жуық зерттеушілер үшін жабық жатыр. Оған жауапты органдардың бұл мәселеге қатысты ұстанымы бізге белгісіз. Бұл үлкен еңбек пен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап етеді. Ондай жұмыстарды жүргізу үшін, мемлекеттің архив ісіне қатысты саясаты қайта қаралуы қажет. ҚР Үкіметіне тікелей қарайтын архив басқармасы құрылып, барлық архив мекемелері осы басқармаға бағындырылуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттік құпияларға қатысты, архив ісі мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңдар жетілдірілуі тиіс. Ол үшін, осы бағытта жұмыс жасайтын Мемлекеттік комиссияның мәртебесі нақтыланып, оған үлкен өкілеттілік берілгені жөн деп ойлаймыз. Сондай-ақ, осы комиссия құрамына жастарды көптеп тарту қажет, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
19 жастағы қазақстандық World of Forbes тізіміне енді
Келесі жаңалық
Түркістан облысында сексеуіл тұқымын себу науқаны басталды
Өзгелердің жаңалығы