Саяси қуғын-сүргін құрбандарын әлеуметтік қолдауға қанша қаржы бөлінді
31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 18,4 млрд теңге төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл бұл мақсатқа 1,3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде «халық жауларын» анықтау саясатының салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталды, олардың 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы – ату жазасына кесілді.
Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылықтың құрбаны болды.
Республика аумағында ГУЛАГ құрылымының ең ірі лагерлері – АЛЖИР, Степлаг, Карлаг болды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 млн-нан астам адам жер аударылды. Кейбір мәліметтер бойынша, тұтқындардың жалпы саны бұл саннан едәуір көп.
1930-1940 жылдары Қазақстан миллиондаған кеңес азаматы үшін депортация орны болды. 1937 жылдың күзінде республикаға жүздеген мың кәрістер, түріктер, ирандықтар, күрдтер мен әзірбайжандар қоныс аударды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында елге немістер, гректер, шешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, қырым татарлары және басқа да халықтар жер аударылды. Олардың саны 1 миллион 200 мыңның шамасында.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарына және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
2003-2022 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 млрд теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 588 теңге мен (3/4 АЕК) 345 000 теңге (100 АЕК) аралығында. 2023 жылға республикалық бюджетте аталған мақсаттарға 768 мың теңге қарастырылған, – деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманова.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргін құрбандарына, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға әлеуметтік төлемдердің өзге де түрлеріне қарамастан 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2023 жылы – 3 692 теңге) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
2005 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі кезеңде республикалық бюджеттен 15,5 млрд теңге сомасында арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленді. 2023 жылы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 1,3 млрд теңге жоспарланған. Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 28 316 жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны және саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен азамат арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алды, – деді Айнұр Абдырахманова.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдар, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны Әлеуметтік кодекс шеңберінде арттырылған жаңа 1,23 АЕК (2023 жылы-4 244 теңге) мөлшерде алады.
Ақталған азаматтардың, сондай-ақ саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен деп танылған, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдардың бірінші кезекте:
- бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған, жазасын өтеген, басқа елді мекемендерге жіберілген, арнайы елді мекендерде еркіндігі шектеліп, мәжбүрлі еңбекпен айналысқан және мәжбүрлеп психиатриялық мекемелерде емдеуде болған уақытының үш есе мөлшерде зейнетақы алу үшін қатысу өтіліне есептелуіне;
- оларға ыңғайлы уақытта кезекті еңбек демалысын алу, сондай-ақ жылына екі аптаға дейінгі мерзімге жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алу;
- телефондарды бірінші кезекте орнату;
-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған интернат-үйлерге бірінші кезекте орналастыру, оларда толық мемлекеттік қамтамасыз етуде тұру;
- протездік-ортопедиялық бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету;
- оңалтуға байланысты мәселелер бойынша адвокаттардан тегін кеңес алуға құқығы бар.
Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша саяси қуғын-сүргіндерге ұшыраған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақталған адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету жөнінде жергілікті бюджеттер есебінен қосымша шаралар белгілеуге құқылы.
Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жергілікті атқарушы органдар саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсетеді.
2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3 828 азаматқа 3 692 теңгеден 30 000 теңгеге дейінгі мөлшерде 48,6 млн теңге сомасында біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.