Саясаттанушы: Қоғамның сұрап отырғаны саяси модернизация

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Президент сайлауы Қазақстан заңнамаларына және халықаралық стандарттарға сай әділ өткенін алға тартқан саясаттанушы, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров Президенттің елдегі саяси жүйені реформалап, саяси қарым-қатынастарды қоғаммен диалог жасау арқылы шешетін қадамдарға барғаны дұрыс екенін айтады.

«Бұл жолғы сайлау еліміздің азаматтарының саяси мәдениетінің өсуіндегі маңызды қадам болды. Басқа елдер ондаған жыл бойы жүріп өтетін жолды біздің қоғам бір айдың ішінде жүріп өтті деуге негіз бар. Басында-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлаудың ашық әрі әділ өтетіні жайында айтқан еді. Ел басшысы уәде еткендей Президент сайлауы Қазақстан заңнамаларына және халықаралық стандарттарға сай әділ өтті деп айтуға болады. Президенттікке үміткерлердің барлығына бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, халықпен еркін кезігуге, әлеуметтік желілерде жұмыс істеуіне бар жағдай жасалды», - деді Ерлан Саиров.

Саясаттанушы бұл жолғы сайлау қоғамда демократиялық өзгерістерге деген сұраныстың бар екенін көрсетіп бергенін айтады. Қоғамның сұрап отырғаны саяси модернизация екенін айтқан ол, сайланған Президенттің елдегі саяси жүйені реформалап, саяси қарым-қатынастарды қоғаммен диалог жасау арқылы шешетін қадамдарға барғаны дұрыс екенін алға тартты.

«Сонымен бірге бұл сайлау елімізде белгілі бір саяси құндылықтардың пайда болғанын көрсетті. Ол демократия, халық пен билік арасындағы тең дәрежедегі диалог, саяси плюаризм сияқты құндылықтар. Міне осы құндылықтар сайлаудан кейінгі кезеңнің ең негізгі идеологиялық басымдылықтары болатыны анық. Сайлаудан кейін Үкімет, Парламент, аймақтардағы мемлекеттік басқару жүйесі қайтадан жаңаруы керек. Аймақтардағы басқару жүйесіне қоғам өкілдері мен белсенділерін кеңінен араластыру қажет. Сондай-ақ ел Парламентіне мемлекетіміздегі саяси палитраның аралас күштері енуі керек. Міне осы мәселелер шешілсе елімізде саяси тепе-теңдік орнай отырып, әлеуметтік өрлеу болатыны сөзсіз», - деп қосты Ерлан Бияхметұлы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы