Саясаттанушы жолдаудағы маңызды 17 бағдарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған жолдауындағы маңызды бағдарларды атап өтті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

Президент жолдауы бүгінгі күннің сұранысымен бірдей шықты. Экономикадан бастап саяси реформаға дейінгі барлық сала қамтылды. Жолдаудан түсінгеніміз Президент қоғамдық көңіл-күйді жіті бақылап отыр. Әрі елдегі барлық жағдайдан хабардар, - дейді Бауыржан Серікбаев.

Оның айтуынша, жолдауда айтылған негізгі ойлар төмендегідей:

1. 2020 жылы мемлекеттік қызметкерлер саны 10%-ке, 2021 жылы 15%-ке қысқартылады. Үнемделген қаржы есебінен мемлекеттік қызметкерлер жалақысы өседі.

2. Мемлекеттік қызметтегі жауапты хатшылар деген лауазым қысқартылады. 

3. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бірақ ауыл шаруашылығы жерлерін экономикалық айналымға түсіру шаралары іске асады. 

4. Пандемия кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнеске субсидия беріледі. Осы мақсатта бюджеттен 200 млрд теңге бөлінеді. 

5. ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін 35%-ке жеткізу, осы саладағы еңбек етуші халықтың үлесін 4 млн-ға шығару керек. (Қазақстанда экономикалық белсенді 9 млн-ға жуық халық бар).

6. ҚазАгро мен Бәйтерек ұйымдары біріктіріліп, Даму қоры құрылады. Қызметкерлер саны 50%-ға қысқарады. 

7. Келесі жылдан бастап тұрғын үй алу, емделу мен білім алу мақсатында азаматтар зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалана алады. 

8. 2021 жылдан бастап мұғалімдер жалақысы 25%-ға өседі. 

9. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы елдегі орташа жалақыдан екі есе көп болады. 

10. Келесі жылдан бастап судьялар мен депутаттардың шетелдік банктерде есеп шот ашу мен жылжымайтын мүліктері сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің бақылауында болады. 

11. Келесі жылдан бастап ауыл әкімдерін халық сайлайтын болады. Ауыл әкімдеріне өз бюджеті беріледі.

12. Көшелерді жыл сайын жөндей беретін жобалар тоқтатылады.

13. Мәслихат депутаттары петиция арқылы қол жинап, жергілікті жердегі мәселелерді көтере алатын тетіктер қарастырылады. 

14. Мәслихат отырыстары онлайн көрсетілетін болады. 

15. Онлайн петиция іске қосылып, ел азаматтары өзекті тақырыптарды көтере алады. 

16. Саяси реформалар жалғасын табады. Демократияның басты жауы білімсіздік пен популизм.

17. Хайпократияға жол бермей, елді сатылап реформалаймыз. 

Менің ойымша азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын тұрғын үй алу үшін пайдалана алуы мен ауыл әкімдерін сайлауға көшу бүгінгі күні өте өзекті. Дәл осы тақырыпты көптен бері көтеріп жүр едік. Қазір ауылда жарық өшіп қалса да, Астананы кінәлайды. Ауылды басқаруды ауыл халқының өзіне беруге тиіспіз. Алдағы уақытта сатылап аудан мен қала әкімдеріне көтерілеміз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы