Конституция реформасынан кейінгі кезеңде ережелер емес, мінез-құлық сыналады – саясаттанушы
Референдумнан кейін басты сұрақ өзгерді: енді ережелер емес, адамдардың әрекеті сыналады. Сарапшы жаңа Конституцияның шынайы сынағы неде екенін айтты.
Жаңа Конституцияны Қазақстанның ұзақмерзімді дамуының құралы деуге негіз бар. Алайда бұл құжатты соңғы нәтиже емес, үлкен трансформацияның бастауы ретінде қарастыру қажет. Бұл туралы саясаттанушы Риззат Тасым айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Бұл – үлкен трансформацияның басы»
Сарапшының пікірінше, жаңа Ата заң қоғамдағы өзгерістердің заңдық көрінісіне айналған.
Жаңа бетбұрыс бірден көзге көрінбеуі мүмкін, бірақ ол жүріп жатыр. Сондықтан жаңа Конституцияны соңғы аялдамадан гөрі үлкен трансформацияның басы ретінде қарастырған дұрыс, – деді ол.
Оның айтуынша, бұл құжатта түбегейлі жаңа модель ойлап табылған жоқ. Керісінше, қоғамда бұрыннан қалыптасқан, пісіп-жетілген нормалар институционалдық деңгейде бекітілген.
Конституция белгілі бір мағынада қоғамның ішкі эволюциясын заңдық формаға түсірді, – дейді саясаттанушы.
Басқару философиясы жаңа деңгейге көтерілді
Риззат Тасым қазіргі Конституция бұрынғы құжаттардан мазмұндық тұрғыда ерекшеленетінін атап өтті.
Егер тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде негізгі мақсат мемлекеттілікті қалыптастыру болса, бүгінгі Конституция орныққан мемлекет логикасына негізделген. Бұл басқару философиясының, саяси ойлаудың жаңа деңгейге көтерілуі, – деді сарапшы.
Сонымен қатар құжатта құндылықтық бағдар айқындалған. Қазақстан өзін формалды азаматтар жиынтығы емес, азаматтық негізде біріккен саяси ұлт ретінде бекіткен.
«Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілді
Саясаттанушының айтуынша, Конституцияда идеологиялық бағдарлар мен жүйе құраушы қағидаттардың теңгерімі сақталған.
Мысалы, «Заң мен тәртіп» қағидаты негізгі құндылықтардың бірі ретінде көрініс тапқан. Бұл өте маңызды, себебі ұзақмерзімді даму орныққан институттармен қатар, ортақ құндылықтармен де өлшенеді, – деді ол.
Сарапшы референдумды мемлекеттің «операциялық жүйесінің» жаңаруы деп бағалады. Ендігі мәселе – жаңа ережелерге мемлекеттік институттардың қаншалықты тиімді бейімделетіні.
«Негізгі сұрақ – кім өзгереді?»
Риззат Тасым жаңа Конституция реформалардың логикалық жалғасы екенін айтты.
Біз қазір кезекті старттық нүктедеміз. Нәтиже саяси практикаға, құқық қолдану мәдениетіне және қоғамның осы нормаларды қаншалықты иеленетініне байланысты болады, – деді ол.
Оның пікірінше, референдумнан кейінгі басты сұрақ «не өзгерді?» емес, «кім өзгереді?» болуы тиіс.
Жаңа модель саяси элитадан, партиялардан және азаматтық қоғамнан жаңа жауапкершілік талап етеді. Сонымен қатар саясатқа қатысу мүмкіндіктері кеңейген.
Сапалы өзгерістердің үш бағыты
Саясаттанушы Конституция толыққанды жүзеге асқан жағдайда, саяси және әлеуметтік жүйеге сапалы өзгерістер әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Конституция барлық мәселені шешетін сиқырлы дәрі емес. Бірақ дұрыс іске асса, жүйеге сапалық өзгеріс әкеледі, – деді ол.
Ол үш негізгі бағытты бөліп көрсетті:
Біріншіден, жаңа буынды саясатқа тарту. Жаңа алаңдарда жас буынның болуы мазмұндық жаңаруға әкеледі.
Екіншіден, билікті бейбіт және институционалды түрде беру тетіктерін нығайту. Бұл – кез келген мемлекет үшін тұрақтылықтың негізгі факторы.
Үшіншіден, азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндігін кеңейту. Бұл «көрермен қоғамнан» «қатысушы қоғамға» өтудің алғышартын қалыптастырады.
Сенім – басты капитал
Сарапшының айтуынша, барлық өзгерістің табысты болуы қоғам сеніміне байланысты.
Егер нормалар нақты жұмыс істесе, адамдардың мемлекетке, заңға деген сенімі артады. Ал сенім – кез келген жүйенің негізгі капиталы, – деді ол.
Оның сөзінше, сенім бар жерде тұрақтылық, ал тұрақтылық бар жерде даму болады.
Қорытындылай келе, жаңа Конституцияны ұзақмерзімді дамудың құралы деуге негіз бар. Алайда оның нақты нәтижесі саяси тәжірибеге, құқық қолдану мәдениетіне және қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты.