Саясаттанушы: Қаңтар оқиғасына объективті баға беру - уақыттың еншісінде

Бұл туралы саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдинов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қасіретті Қаңтар оқиғасы – біздің тәуелсіздік тарихымыздағы орны бөлек оқиға. Бір жағынан, бұл үлкен саяси өзгерістерге алып келсе, екіншіден, оқиғаның салдары әлі күнге дейін сезілуде. Оның бір мысалы – елде саяси реформалардың қарқынды бастау алуы. Қоғам тарапынан жүйені өзгерту, жаңарту, Жаңа Қазақстан идеясының пайда болуы – тарихи қадам ретінде қабылданып отыр. Одан бөлек, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиғасы, 2021 жылғы Қаңтар оқиғасы – елдегі саяси белсенділіктің артып келе жатқанының белгісі, - деп атап өтті Ұлттық құрылтай мүшесі.

Сондай-ақ ол билік үшін де, қоғам үшін де бұл оқиғалардың салдарына тоқталып өтті.

Мәселен, былтырғы Жалпыұлттық халықтық референдумның мақсаты – халықтың билікке араласуын күшейту. Суперпрезиденттікті жоққа шығару арқылы президент өкілеттілігін шектеу, өзін-өзі басқару мен белсенді азаматтардың билікке араласуына барынша мүмкіндік жасау. Яғни елдегі саяси қайта құруға бет алу. Осының барлығын Қаңтар оқиғасының бір салдары деп білу керек, - деді саясаттанушы. 

Сонымен қатар спикер тағы бір маңызды мәселені атады. 

Елде тұрақтылық пен бірлік болмағанда, біз егемендігімізден айырылып қалуға шақ қалдық. Бұл оқиға (Қаңтар оқиғасы – ред.) болашақ ұрпаққа үлкен сабақ болуы тиіс. Биылғы Мәжілістің алғашқы отырысының аталған оқиғаға арналуы – бұл ең алдымен депутаттық сауалдың нәтижесі болса, екіншіден, Қаңтар оқиғасына 1 жыл толуына орай қоғам тарапынан сұраныстарға жауап ретінде өткізілді. Бас прокурор мен Ішкі істер министрлігінің мәлімдемелеріне көз салсақ, тергеу амалдарының әлі жүріп жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен объективті баға берілген жоқ. Өйткені барлық тергеу істері бойынша сот шешімдері шығуы керек. Тәуелсіз зерттеулер жүргізілуі қажет. Қаңтар оқиғасын толыққанды объективті бағалау – алдағы уақыттың еншісінде. 1-2 жылдың ішінде азаматтық қоғам өкілдерінің, қарапайым азаматтар мен жалпы биліктің диалогы арқылы Қаңтар оқиғасына тарихи баға беріледі деп ойлаймын, - деді Қазбек Майгелдинов. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Қытайда жер сілкінді
Өзгелердің жаңалығы