Саясаттанушы аралас мектептерді реттеудің жолын айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік болмаса аралас мектеп деген мәселе әлі күнге дейін сақталады. Бұл туралы саясаттанушы  Дос Көшім Алматыда өткен «Аралас мектеп қазақты қайда апарады?!» атты жиында айтты.

Саясаттанушы жиын барысында аралас мектептерді заңмен жоятын уақыт келгенше онымен күресудің, реттеудің бірнеше жолын келтірді.

Аралас мектеп мәселесіне келгенде атқарушы билік «ол жерге екі мектеп салуға мүмкіндік жоқ немесе екі мектепке балалардың саны жетпейді» деген уәж келтіреді. Олары дәлелді. Дегенмен оны шешудің жолдары бар. Мәселен, «Ұлт тағдыры» қозғалысы 2006 жылдары Шығыс пен Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерге мониторинг жүргізді. Риддер қаласында 16 мектеп бар екен, оның біреуі қазақ мектебі, 15-і орыс мектебі. Мониторинг жүргізгенде 15 орыс мектебінде 10 мың орын бар екен, оқып жатқан балалардың саны 5 мың. Ал, жалғыз қазақ мектебінде 700 бала оқып, симай жатыр. Жергілікті басшылық жаңа мектеп саламыз дейді. Бұл жерде жаңа мектеп салудың қажеті жоқ, оңтайландыру жұмысын жүргізсе 7 мектеп бос қалатынын айттық. Жергілікті билік әлсіз, ата-ананың баламды ұзақ мектепке көшірдіңдер деген сөзінен қорқады,-дейді Д. Көшім.

Сонымен қатар ол аралас мектептің басшылары қазақтілді болуын және ондағы іс-шаралар тек мемлекеттік тілде өтуі керек деген норманы енгізу қажеттігін айтты.

Мәселен, Қызылордада аралас мектепте оқығандардың бәрі, яғни орыс сыныбында оқыса да қазақша тәлім алып шығады. Себебі олар қазақи ортадан шығады және ондағы іс-шараның барлығы тек қазақ тілінде өтеді. Сондықтан осындай ережені енгізген жөн,-деді ол.

Сондай-ақ ол аралас мектепті ашу үшін баласын орыс сыныбына бергісі келетін ата-аналардан түскен өтініш 20 пайызға жетсе ғана рұқсат беру керек деген ойын білдірді.

Біз балалар конвенциясына қол қойдық, ратификация жасадық. Заңымызда балалардың мектепке баруын ата-ана шешеді деп көрсетілген. Егер аралас мектеп ашатын жағдай болса, сол мектептің қамтитын аймағындағылардың 20 пайызы орыс сыныбына береміз десе ашуға болатын шығар. Егер 20 пайызға жетпесе аша алмаймыз деген заң нормасын енгізу керек. Сонда 5-6 пайызды құрайтын ата-анаға билік бұл талапқа сай емес, басқа мектепке беріңіздер деп жолдайды. Мен айтқан Риддерде орыс ата-аналар баласын 200 метрге ұзарған мектепке бергісі келмей отыр, ал қазақтар 5 шақырым жерден қатынап жүр,-деді саясаттанушы. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы