Саясаттанушы Алматы жұртшылығын коронавирусқа қарсы вакцина алуға шақырды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық Кеңесінің және Президент жанындағы ҰҚСК мүшесі Марат Шибұтов әлемді жайлаған індеттен құтылу үшін халықты екпе алуға шақырды.
Жақында ғана вакцинаның екі дозасын алған саясаттанушы коронавирустан тек вакцинаның көмегімен ғана құтыла аламыз деген ойын білдірді.
Өткен жылдың шілде айында мен коронавируспен ауырдым. Бір аптадай ауырғаныммен, қайта оңалу үшін екі айдай уақыт кетті. Физикалық тұрғыда өте ауыр болды, оған қоса жұмыс істеуге зауқым болмады. Сондықтан биыл коронавирусқа қарсы вакцинаны алайын деп шештім. 1 мамыр күні вакцинаның І компонентін, 24 мамырда ІІ компонентін салдырдым. Негізі QazVaс вакцинасын алғым келген, бірақ үйімнің жанындағы емханада «Спутник V» екпесі ғана болды, - дейді ол.
Сонымен қатар ол вакцинадан кейінгі әсері жайлы айтып берді.
Вакцинадан кейінгі әсеріме келер болсам, менде барлығы айтып жүрген классикалық иммунитет қалыптасқан сияқты. Өне бойым сыздап, буындарым сырқырады. Әр екпеден кейін шаршаңқы күйде болдым. Бұл ағзада антидененің қалыптасып жатқанын білдіреді, - деді Шибұтов.
Оның айтуынша, қала тұрғындары вакцина салдыруға асықпай жатыр. Ал жаппай вакцина салдырған әлем елдері қазір маска киюді ұмыта бастаған. Сол үшін халық саналы түрде екпе алғаны жөн деген ойда.
Қазір Алматыда вакцинаның 4 түрі бар. Алайда халықтың екпе салдыруға неге асықпай жатқанын түсінбеймін. Шетелде адамдар вакцина алу үшін ұзын-сонар кезекте тұрады. Мәселен Израиль халқының 70 пайыздан астамы екпе алып үлгерген. Нәтижесінде онда санитарлық шектеулер жоқ, бастысы ауру жұқтырып жатқандар жоқ. Сол сияқты көрші Қытайда мамырдағы мәлімет бойынша 800 млн адам екпе салған. Олар күніне 16-17 млн адамға екпе салады, сондықтан аурудың тарауы да азайған. Қазіргі қиындықтан құтылу үшін бізге де вакцина алу қажет. Сол үшін халықты екпе алуға шақырамын. Бұл вакциналардың адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ. 70 жастан асқан туыстарым екпе алып жатыр. Коронавирус уақыт өте мутацияланып, өзгеріп жатыр. Оған қарсы тұратын екпеден басқа қолымызда ештеңе жоқ, - деді саясаттанушы.
Айта кесек, 13 маусымдағы жағдай бойынша Алматыда 340 701 адам вакцина алған, өткен тәулікте 2 715 адам екпе салдырыпты. 2021 жылдың 10 маусым күні Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасына қытайлық «Sinovac Biotech» компаниясы шығарған CoronaVac вакцинасының 46 000 дозасы (1 және 2 компонент) жеткізілген. Жалпы қала бойынша вакцинаның қалдығы – бірінші компоненттің 40 699 дозасы және екінші компоненттің 98 022 дозасы бар.