Саясат Нұрбек Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен кездесті
University College London университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында министр «Kazakhstan: the Territory of Academic Knowledge» тақырыбында дәріс оқып, Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым жүйесін дамыту бағыттарын таныстырды.
Сондай-ақ, министр халықаралық академиялық ынтымақтастық, білім беру үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша бастамаларды баяндады. Студенттер академиялық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар, ғылыми тағылымдамалар және түлектерді елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту мүмкіндіктеріне қатысты сұрақтар қойды.
Саясат Нұрбек шетелде білім алатын жастардың елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы рөлін атап өтіп, студенттік қауымдастықпен тұрақты диалогтың маңыздылығын атап көрсетті. Кездесу шетелдегі қазақстандық академиялық қауымдастық пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шара болды.