Саясат Нұрбек тіл жанашырларымен кездесті
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау мақсатында қазақ тіл білімі саласының ғалымдарымен және тіл жанашырларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жиынға Ұлттық ғылым академиясының академиктері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, тіл жанашырлары және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша IT жобаларды әзірлеушілер қатысты.
Кездесудің басында Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек жиынға қатысушыларды министрліктің тіл саясаты саласында алты бағыт бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Өз сөзінде Министр тіл қарым-қатынас құралы ғана болып қоймай, ғылымның дамуына да жол ашатынын айтты. Сонымен қатар ол жоспарланған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
Тіл үйретуде қазіргі техника мен заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы зор. Бұл ретте арнайы электрондық порталдар мен сайттарды, мобильдік қосымшаларды, дыбыстық көмекшілерді пайдалану қажет. Қазір уақытта қазақ тілін үйретуге және мемлекеттік тілде ақпараттар алуға арналған 12 IT жоба қолданысқа енгізілді. Бұл заман талабына сәйкес ілгерлеу бағытында атқарылатын жұмыстар, – деді Саясат Нұрбек.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Пікір алмасу барысында тіл мәселесі төңірегінде белгілі қоғам қайраткері, тіл жаншыры О. Асанғазы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі, академик Ш. Құрманбайұлы, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі, тіл жанашыры М. Жұмабай, «Мемлекеттік тілді дамыту қорының» директоры А. Шәуеев, сондай-ақ, қазақ тілін үйретуге бағытталған мобильді қосымшаларды әзірлеушілер өз пікірлерімен бөлісті.