Саясат Нұрбек сұранысқа ие мамандарды атады
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек БАҚ өкіліне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2030 жылға дейін орта мерзімді болжам бойынша біздің экономикаға 883 мың маман қажет болады. Оның 550 мыңы – инженерлік-техникалық мамандықтар. Яғни олардың үлесі 60 пайыздан жоғары. Бүгінгі таңда негізгі сұраныс Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, инженерлер, техниктер, жылу энергетиктері, су мамандары, гидрогеологтар, операторлар, гидротехникалық мамандар, орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы мамандарына тиесілі, - деді ол.
Министр инженерлік-техникалық маман тапшылығы сонау 90-жылдардан бастап ондаған жыл бойы қордаланып келе жатқан мәселе екенін жеткізді.
Біз 2030 жылға дейін барлық фокусты аталған тапшылықты қалпына келтіруге қойып отырмыз. Сондықтан соңғы бірнеше жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарға беріліп келеді, - деді Саясат Нұрбек.
Ғылым және жоғары білім министрі орта мерзімді болжам бойынша екінші сұранысқа ие мамандар педагогтер екенін атады.
2030 жылға дейін шамамен 183 мың педагог дайындау керек, - деді ол BaigeNews.kz тілшісіне.