12 Қараша 2026, 17:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Саясат Нұрбек студенттерге үндеу жасады

Қазақстанда студенттердің шәкіртақысын арттыру және әлеуметтік осал санаттағы жастарға қосымша қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында сабаққа қатысу мен білім сапасына қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда студенттердің шәкіртақысы екі есе өскен. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Әсіресе магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысын арттыруға көңіл бөлінеді.

Сонымен қатар соңғы үш жылда әлеуметтік осал санаттағы студенттерге қосымша қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, жетім балалар мен толық емес отбасылардан шыққан жастарға жатақханада тұру немесе пәтер жалдау шығындарын өтеу үшін қосымша 100 мың теңге төленеді.

Министр студенттердің негізгі міндеті білім алу екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың қосымша жұмыс істеуіне тыйым салу мүмкін емес, алайда оқу сапасына нұқсан келмеуі керек.

Студенттерге айтарым – оқу бәрінен маңызды. Оқуға көңіл бөліңіздер. Білім сапасын жоғалтуға болмайды. Бүгін біліктілікті арттыруға күш салсаңыздар, оның нәтижесін болашақта көресіздер. Қазір біраз уақыт шыдамдылық танытып, сапалы білім алуға басымдық берген жөн, – деді Саясат Нұрбек.

Брифингте студенттердің жеткізу қызметтерінде жұмыс істеуі мәселесі де көтерілді. Министрдің сөзінше, Яндекс, Wolt және басқа да платформалық жұмыспен қамту сервистеріне студенттермен жұмыс істеу тиімді. Себебі жастар мобильді, жылдам әрі жаңа нәрсені тез меңгереді.

Саясат Нұрбек жоғары оқу орындарында оқыту сапасы мен сабаққа қатысуға қойылатын талаптар да күшейтілетінін айтты.

Оның мәліметінше, қазір университеттердің басым бөлігінде Face ID, RFID және электрондық өткізу жүйелері орнатылған. Алдағы уақытта студенттердің сабаққа қатысуы мен оқу орындарындағы тәртіпті бақылау жұмыстары жалғасады.

Журналистердің кейбір жоғары оқу орындарында сабаққа қатыспай-ақ диплом алуға болатыны туралы сауалына жауап берген министр бұрын жоғары білім беру жүйесінде ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Оның айтуынша, 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында Қазақстанда жоғары оқу орындарының саны 122-ге дейін жеткен. Кейін талапқа сай келмейтін оқу орындарының едәуір бөлігі жабылып, қазіргі уақытта олардың саны 42-ге дейін қысқарған.