Бүгiн 2026, 12:24 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Саясат Нұрбек Қазақстанда жасалған рак дәрісінің құнын атады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатерлі ісікке қарсы әзірленіп жатқан дәрі-дәрмек туралы мәлімдеді.

Үкіметтің брифингінде министр аталған препараттың негізгі компоненттері қолжетімді әрі арзан екенін айтты.

Бұл дәрі-дәрмектің ішінара компоненттері өте арзан. Глюкоза және бір қышқылдан тұрады. Яғни оның барлық құндылығын алсақ, 15-16 мың теңгеге жуықтайды. Арнайы қышқылды шетелден сатып аламыз, ал глюкозаны өзіміз шығарамыз. Соның есебінен 10-12 мың теңгеге дейін бағасын төмендетуге болады. Дәрі-дәрмек өте арзан, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Оның сөзінше, препараттың сапасы бойынша алғашқы клиникалық нәтижелер оң әсер көрсеткен.

Сапасы жағынан клиникалық бірінші нәтижелер ішкі органдардың жаман ауруына жақсы әсер ететінін анықталды, – деді министр.

Қазіргі уақытта клиникалық зерттеудің екінші кезеңі Астана қаласында жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ министр дәрінің болжамды бағасына да тоқталды.

Бағасы 15-20 мың теңгеден аспайды деп ойлаймын, – деді Саясат Нұрбек.

Еске салсақ, бұған дейін Саясат Нұрбек ғылым, стартап және өндіріс бір жүйеге бірігетінін айтып, жаңа модельді таныстырды. 

Сондай-ақ, Қазақстан Global Innovation Index рейтингінде 81-орында, ал Economic Complexity Index бойынша 55-орында тұр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүйедегі негізгі проблемаларды атады.