Саясат Нұрбек: Қазақстан халықаралық жоғары білім беру орталығына айналып келеді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлемдік білім беру экожүйесінде болып жатқан терең өзгерістер мемлекеттерден стратегиялық әрі тұрақты шешім қабылдауды талап ететінін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған байланысты елімізде ұлттық жоғары білім беру жүйесін дамыту және оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан жоғары білім беруді интернационалдандыруда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасының арқасында республика аумағында шетелдің 40 жетекші жоғары оқу орнының филиалы ашылды.
Олардың қатарында 9 ресейлік, 6 қытайлық (соның ішінде 3 «Лу Бан шеберханасы»), 7 америкалық, 8 британдық университет бар. Британдықтардың ішінде Russell Group тобына кіретін 3 университет және Ұлыбританияның төрт ұлтынан да өкілдер бар. Сондай-ақ, француз, итальян, неміс, поляк, түрік және корей жоғары оқу орындары Қазақстанда өз филиалдарын ашқан.
Біз қазір Қазақстанның әлемдік жоғары оқу орындары үшін тартымды алаңға айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл – еліміздің жоғары білімді жаһандық кеңістікке интеграциялау және жаңа буын кадрларын даярлауға жағдай жасау бағытындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі, — деді Саясат Нұрбек.
Саясат Нұрбек кейбір шетелдік университеттер өздерінің 150 жылдық тарихында алғаш рет ел аумағынан тыс жерде филиал ашып отырғанын және ол үшін Қазақстанды таңдағанын ерекше атап өтті.
Кездесуге 60-тан астам шетелдік серіктестер – жетекші университеттер мен ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.