Саясат Нұрбек 2030 жылға қарай студенттер саны қаншаға жететінін айтты

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кеңейтілген алқа отырысында 2030 жылға қарай студенттер саны қаншаға жететінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда елімізде 119 ЖОО жұмыс істейді. Оларда 626,2 мың студент оқиды. Биылғы бітірушілердің саны 188 мың. Сондай-ақ соңғы 4 айдың ішінде жатақханаларда 7 099 орын ашылды, - деп баяндады министр.

Сөзінше, тамыз айында жатақхана орнына 87 мың тапшылық болған. Төрт айдың ішінде министрлік оны 75 мыңға дейін түсірген.

Еліміздегі демографиялық өзгерістер жоғары білім саласының дамуына едәуір әсер етіп отыр. 3 жылдың ішінде миллионға жуық бала дүниеге келді. Ол - үлкен тарихи рекорд. Үш жылдың ішінде қатарынан 3 рекорд орнатылды. Мысалы, 1991 жылы 288 мың студенті бар 61 ЖОО болса, 2025 жылға қарай 800 мыңнан астам білім алушыға жетеді деген болжам бар. Ал 2030 жылы студенттер саны миллионға жуықтайды, - деп алдағы уақытта болжам айтты Нұрбек кеңейтілген алқа отырысында.

Ғылым және жоғары білім министрінің мәліметіне сәйкес, жоғары білімнің мазмұны жаңартылды. Атап айтқанда, академиялық дербестік кеңейтілді.

8 университеттің негізінде қолданбалы бакалавриат іске қосылды. Былтыр мемлекеттік тапсырыстың көлемі 10%-ға артты. Ал мемтапсырыстың 60%-ы техникалық бағытқа орналастырылды. Студенттердің стипендиясы 20%-ға өсті, - деп атап өтті ол жиында.

Сонымен қатар жоғары білімнің интернализациясы шеңберінде QS рейтингісінде 16 жоғары оқу орны бар. 3 университет Times Higher Education рейтингіне енді. Онымен қоса, шетелде қазақстандық жоғары оқу орнының 3 филиалы ашылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы