Саян Ахметжанов ақтөбелік кәсіпкерлермен кездесті
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов өңірдегі бизнес өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Кездесуге Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы, «Ту-Ха «НТО», «ҚазақойлАқтөбе», «Великая стена» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, сондай-ақ жүзге жуық шағын және орта бизнес субъектісінің өкілі қатысты.
Басқосуда сөз сөйлеген Саян Ахметжанов агенттік бизнесті қорғау және оның тұтастығын ілгерілету, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ ол агенттік жанынан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын, топ мүшелері бизнес өкілдеріне мемлекеттік органдар қандай жағдайда талап қоя алмайтынын, құзырлы органдармен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндірді.
Кездесу барысында ақтөбелік кәсіпкерлер превенция қызметінің басшысынан ауыл шаруашылығы саласындағы конкурстық процедуралардың ашықтығы, субсидия бөлу, жүк тасымалдауда әкімшілік кедергілердің болуына назар аудару керектігін жеткізді.
Сондай-ақ жиында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша бірқатар мәселе талқыланды.
Бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, «Антикорға» арзандатылған дизельдік отынды тарату процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге көмектескені үшін алғыс айтқым келеді. Менің ресми өтінішім бойынша олар өз қызметкерлерін, қоғам белсенділерін жұмылдырып, нәтижесінде облыстағы көптеген шаруа қожалықтары қолдауға ие болды, – деді «Лидер» ЖШС-ның директоры Саясат Қалиев.
Басқосуда кәсіпкерлердің көтерген мәселелерін тыңдаған превенция қызметінің басшысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, айтылған мәселелерді ерекше бақылауға алатынын жеткізді.
Айтқан ұсыныс-тілектеріңіз орынды. Біз бұл көтерген мәселелерді назарға аламыз. Қай орган болса да, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласа алмайды. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ашықтық пен айқындылық ұстанымын ұстанып, өз кәсібін дамытуы керек, — деді Саян Ахметжанов.