Саяхатшы Сәрсенбай ақсақал Қостанайда
72 жастағы ақсақал Сарсенбай Қотырашов бұл күнде қазақ жерінің басым бөлігін жаяу басып өтсе де жүрісі ширақ, мақсаты айқын, деп хабарлады BAQ.KZ-тің Қостанайдағы тілшісі.
Бұл күнде Жезқазған, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Павлодар секілді облыстардың елді мекендері мен қалаларын аралап шыққан жиһанкез ақсақал кеше кешкісін Қостанай жеріне жетті.
Осы уақыт аралығында Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданынан шыққан он саусағынан өнер тамған шебер, тарихи ескерткіштер реставраторының мақсаты бабадан қалған мұрамыз қымыздың қасиетін насихаттап, еліміздің қолөнершілерінің басын бір арнаға тоғыстырған деректер базасын жасап шығару екен. Кешелі бері қостанайлықтар өзіне қажетті күнделікті тұтынатын азық-түлігі мен жеке заттарын арбасына тиеп, итеріп келе жатқан жиһанкезді жол бойында жолықтырып, қол ұшын беріп жатқандары жетерлік.
Қазақтың жиһанкезі Сәрсенбай атаның алдағы жоспары - еліміздің 17 облысын аралап өту. Аралап қана қоймай, тектілер мәңгілік тыныстаған Ұлытаудағы Жошы, Тоқтамыс, Едіге, Алаштың және басқа да қазақ хандары туралы тың деректермен бөлісуді де назардан тыс қалдырмайды.
Қазіргі уақытта мен 5 мың км жүріп өттім.Сапар барысында 6 жұп аяқ киім мен арбама 9 рет доңғалақ салдым. Бұл жұмыстардың барлығы жол бойында кездескен жомарт адамдар мен қолдау білдірген отандастарымның арқасында атқарылды. Жолда көптеген жерлестерім жылы қарсы алып, қаржылай көмектесіп те келеді, Өзім болсам күні-түні балаларымен, немерелеріммен және шөберелеріммен байланыстамын. Олармен саяхат барысын бірге талқылап келемін, -дейді жиһанкез ақсақал Сарсенбай бізбен әңгімесінде.
Қазақ жерін аралауда ерекше әдісті таңдаған саяхатшы Сарсенбай Қотырашовтың алдында тағы үш мың шақырым сапар күтіп тұр. Ақсақал Қостанайдан арқылы Ақтөбеге жетіп, сосын Атыраудан Ақтауға дейін бармақ. Жалғыз арба сүйреген саяхатшы Ақтауға 29 қазанда жетем дейді. Осылайша бұл сапар Каспий теңізінің жағасында өз мәресіне жетеді екен.
Бүгін Владимировка ауылының аумағында 4 ай ішінде бес мың шақырым жүріп өткен 72 жастағы Сәрсенбай қарияны күтіп алдық. Ауыл тұрғыны Марат Таңатқанұлының «Бәйтерек» және Татьяна Савичеваның «Престиж» дүкендері саяхатшыға қажетті заттарын беріп, қол ұштарын созды. Қазақ жерін жаяу аралап келе жатқан қарияға мықты денсаулық пен сәтті сапар тілеймін, -дейді Владимировка ауылының әкімі Қабылжан Көбеков.
Осылайша Қостанай жеріне сәл кідіріп, аяқ суытқан Сәрсенбай ата қалған 3 мың шақырымды бағындыруға жолға шығып кетті.