"Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас"

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Айдар Мұқашев "Мұқтар" шаруа қожалығының басшысы. Ол – Мойынқұмда аудан тұрғындарын қымыз және саумалмен қамтамасыз етіп отырған жалғыз кәсіпкер.

Кеңес үкіметі кезінде әкесі Анарбек 25 жыл бойы Фурманов атындағы кеңшарда жылқы бағып, малдың қыр-сырын жетік меңгеріп, Жамбыл облыстық кеңестің депутаты қоғамдық қызметін де абыроймен атқарған еңбекқор жан болған екен. Айдархан да өзінің жылқы малына деген қызығушылығын әке қанымен келген қасиет деп санайды.

Ол бүгінде өңірдің орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауылынан қымызхана ашып, жылқы баптап, бие сауып, одан мол қымыз өндіріп, оны ел игілігіне жұмсап, пайдасын көріп отыр. Әкеден қалған ата кәсіпті жалғаушы кейіпкеріміздің жеке шаруа қожалығында бүгінде 280 жылқы, 150 бас қой, 2 трактор, шөп шабатын 1 агрегат, 300 гектарға жуық шабындық, 1500 гектар жайылымдық жері бар. Қожалықта бес адам еңбек етеді.   

Айдардың бала кезінен алға қойған мақсаты – әке жолымен ата кәсіпті жалғастырып, ұлттық тағамды насихаттап, аудан орталығынан қымызхана ашу еді. Ол бұл ойын 2016 жылы жүзеге асырды. Өзінің үйінің маңынан ашқан қымызханасының жұмысы бүгінде қанатын кеңге жайған. Алғашқы жылдары саумал, қымыз жазда жақсы өтіп, қыста өтіңкіремейтін шығар деген күмәнді ойы да болған. Алайда кәсіпкер қымызхана ашылғалы бері саумал мен қымыздың қысы-жазы үлкен сұранысқа ие болғанына көз жеткізді. Айдардың қымызханасындағы саумал мен қымыздың 1 литрінің бағасы – 600 теңге. Қазір көп жерде 1 литр қымыздың бағасы 700 теңгеге дейін жетсе, мұнда қымыздың да, саумалдың да бағасы қымбаттаған емес.

Таңғы бестен 20 биеден құлындары бөлініп, таңның атысынан күннің батысына дейін 2 сағат сайын 7 рет сауылады. Бір бие бір сауғанда бір литр сүт берсе, күніне жеті рет сауылғанда 20 биеден 140 литр өнім алынады. Саумалға аңсары ауып келетіндердің саны да күн санап артып келеді. Ұлттық шипалы сусынды тек аудан тұрғындары ғана емес, өзге өңірлерден де келіп ішетіндер бар. Қала тұрғындары күнделікті жағдайда саумалды ішу үшін шаһардың шетінде орналасқан қымызханаларға барып-келудің өзі қиындық туғызатынын айтады. Сол үшін аудандағы туыстарының үйіне демалуға келіп, ауылдың саф ауасын жұтып, біздің табиғи жолмен жасалатын саумал, қымызымызды ішіп тұрады, – дейді жеке кәсіпкер Айдар Анарбекұлы.                     

Кәсіпкер бұл кәсібінің болашағынан үлкен үміт күтеді. Айдар келешекте мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатса, қымызхана жұмысын жандандырсам деген болашақтағы жоспары жүйелі. Егер сұраныс жоғары, саумал қымызды өткеретін, арнайы қабылдайтын орын болса, бір күнде 100 бие саууға мүмкіншілігі бар.

Қазір еліміз бойынша қымыздың алуан түрі бар. Оны әзірлеудің де тәсілі аз емес. Сондықтан көп жерлерде қымызды дайындау технологиясы да әртүрлі. Қымызды электр құрылғылармен ашытып, оңай әдіспен дайындайтындар да кездеседі. Ал менің қымызды пісу технологиям қарапайым, табиғи жолмен – қолмен жасалады. Яғни, тобылғы түтінінің ысы сіңген ағаш күбіде ашытамын. Бұл жерде тобылғыны бабаларымыз көптеген ауруларды емдеу үшін сан түрлі дертке дәру етіп пайдаланғанын да ескере кеткен жөн. Сондықтанда менің қымызыма аңсары ауып келетіндердің қатары қалың. Тіпті аудан бойынша өтетін той-домалақ, түрлі жиындар мен астарда да қымыз үлкен сұранысқа ие, - дейді ол.                         

Қазіргі таңда "Айдардың қымызханасы", "Айдардың қымызы", "Айдардың саумалы" деген сөз жергілікті тұрғындар арасында кеңінен таралыпты. Қазақтың ұлттық сусынымен ауылдастарын қамтамасыз етіп отырған кейіпкеріміздің қымызханасына саумал ішер уақытта бізде барып көрдік. Саумал – адам ағзасына тез сіңеді, түрлі асқазан ауруларына ем, қан құрамын реттейді, онда ананың сүтінің дәрумендері бар, тіпті белсіздікті жояды деген ғалымдардың жағымды пікірлерін бұған дейін естігенбіз. Ал біз барғандағы ұзын-сонар кезек ғалымдардың сөзін дәлелдей түскендей.

"Саумал ішсең сауығасың". Кезекте тұрғандардың қатарында жастар мен орта жастағылар және егде тартқан қарттар да бар. Олар жылқы сүтінің талай ауруға шипа екендігін, қартаюдың алдын алатындығын, сондай-ақ қымыз ішкелі бері денсаулықтарының жақсарып келе жатқандығын алға тартады. Тіпті олардың қатарында саумал, қымыздың әсерінен асқазан, ішек аурулары жазылып, астың қорытылу жүйесін ретке келтіргендері де бар екен.

"Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей, суалмас" деп халық даналығы бекер айтылмаса керек. Айдардың бие байлап, жыл – он екі ай сауылатын саумалы мен бал татыған қымызынан дәм татқысы келетіндердің саны күн өткен сайын арта түсуде.                                              

Жалпы, жылқы малының қазақ тарихында өзіндік орны бар текті жануар екендігі, қасиетті жануарды өзінің жырына, әніне, шығарма, толғауына қоспаған ақын-жазушы, композиторларымыз кемде-кем.

Қазақ "Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра" демекші, Айдардың 80 жастан асқан аяулы анасы Несіпкүл Сманова кейде қымызхана жұмысына араласып, тәжірибесінен, жинаған бар білген ақыл-кеңестерін кеңпейілділікпен ұл-қыздарына айтып отырады. Айдардың асыл жары Ғалия қымызханада меңгеруші болып жұмыс істесе, ұлы Саян мен қызы Баян да ата-анасының қолғанаттары. Сондай-ақ қымызханада сауыншы болып жұмыс істейтін Манат Омарқызы мен жылқылардың жем-шөбін дайындап, күтімін келістіріп жүрген Серікбай Жүзбаевтың да атқарып жүрген істері ілкімді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы