"Саусағына ота жасау керек": Ақтау әуежайы эскалаторда қолын қысқан балаға 2 млн теңге өтемақы төлейді
Ақтау әуежайында жазатайым оқиға болып, 2 жасар қыз бала эскалатордан жарақат алған. Сот әуежай қызметкерінің кінәсін растап, баланың анасына моральдық өтемақы ретінде 2 млн теңге төлеуді міндеттеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың жазында елорданың тұрғыны кәмелетке толмаған екі баласымен Астанадан Ақтауға ұшып барған.
Ғимараттың жолаушылар терминалынан шыққаннан кейін екі жасар қыз шығу есіктері арқылы әуежайға қайта кіріп кеткен. Әуежайдың ғимаратының ішінде бала қозғалатын эскалатор механизміне қолын қойып қалып, саусағын жарақаттап алған. Қыз балалар ауруханасында емделген.
Дәрігерлердің қорытындысы бойынша, оған 10 жасқа толғанда саусақты түзету отасын жасау қажет болады.
Жәбірленушінің анасы моральдық шығынды әуежайдан өтеуді сұрап талап қоюмен сотқа жүгінген.
Әуежайдың өкілі бұл талап қоюмен келіспейтінін білдіріп, жазатайым оқиға әуежай қызметкерлерінің кінәсінен емес, баланың эскалаторға өз бетінше жақындап, жарақат алуынан болғанын атап көрсеткен.
Алайда сотта қаралған бейнематериалдарда әуежай инспекторының ғимаратқа шығу есіктері арқылы кірген баланың қолын ұстағаны, бірақ оның соңынан ілеспек болған анасының көңілін аулап, оны босатқаны анықталған. Инспектор әйелді әуежай ғимаратына кіргізбей, баланы қараусыз қалдырған, қыз бала эскалатормен көтеріліп, сол жерде жарақат алған.
Сот жазатайым оқиғаға әуежай қызметкерінің кінәсінен орын алған деген қорытындыға келген, себебі ол кішкентай бүлдіршіннің терминал ғимаратына үлкендердің ертіп жүруінсіз кіруіне жол берген.
Әуежайдың кінәсін жоққа шығаратын ешқандай дәлел келтірілмеген. Инспектордың кінәсі оның еңбек құжаттарымен: еңбек шартымен, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтан үзінді көшірмемен, тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен, сондай-ақ рұқсатты бақылау мен ішкі шаруашылық тәртіп ережелерінің сақталуын бақылау жауапкершілігін қарастыратын лауазымдық нұсқаулықпен расталады.Сот анықталған мән-жайларды негізге ала отырып, әуежайды баланың заңды өкіліне моральдық шығын ретінде өтемақы ретінде 2 млн теңге төлеуге міндеттеді, - деп жазылған Маңғыстау облыстық сотының хабарламасында.
Шешім заңды күшіне енді.