Сауран қалашығының құпиясы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысына жасаған баспасөз туры аясында Ақ орданың астанасы болған Сауран қаласын айналып өтуге болмас еді.
Түркістан қаласынан солтүстік батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан қалашық республикалық маңызы бар нысан мәртебесіне ие.
Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі.
Сауран туралы алғашқы жазба деректер X ғасырдың 1-жартысына жатады. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған.
Көне деректер Сауранның өркендеп дамыған шаһар, ғаламат қамал болғандығын растайды.
Кезінде қаланың абаттандырылуы мен қорғанысына көп күш жұмсалған, қолөнер ісі қарқынды жүргізілген екен.
Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді.
Қазіргі таңда Сауран қаласы солтүстіктен оңтүстікке қарай 850 метрге, шығыстан батысқа қарай 660 метрге созылып жатыр, ұзындығы 2360 метр қорған қамалмен қоршалған.
Қамалдың сақталған қабырғаларының биіктігі 3-6 метрге дейін жетеді. Оған солтүстік және шығыс беттегі екі қақпа арқылы кіруге болады.
Қаланың қақпалары мен бұрыштарына 7 қорғаныс мұнарасы тұрғызылған.
Қақпаның берік әрі биік екенін суреттерден де көруге болады. Нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Тарихтан сыр шертетін тарихи мұраның түпнұсқасын сақтап қалудың маңызы зор.
Оны көзбен көру де бір бақыт шығар.
Себебі бұл ортағасырлық әлемге жол салар тылсым мекен, қираған қамалдан қалған үйінділердің арасынан сол дәуірдің тынысын сезінуге болатынына көз жеткіздік.
Бұл жерлерді отандық және шетелдік туристердің келуге міндетті орындарының бірі деп топшыладық.
Осыған дейін Үкаша ата мен оның құдығы, Шәммит-Ишан мешіт-медресесі туралы жазған едік.