Саунаны балалар лагеріне айналдырған мекемені Антикор тексереді

1 мыңнан астам бала демалыспен қамтылуы тиіс мекемеде қызмет көрсету құны 107,8 млн теңгеге бағаланған, деп жазады BAQ.KZ.

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Facebook-тегі парақшасында даудың ортасында қалған Ұзынағаш ауылындағы «Арман дала» лагеріне барғанын, лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмағанын мәлімдеді.

Бүгін әлеуметтік желі қолданушылардан түскен ақпарат бойынша Ұзынағаш ауылындағы «Арман дала» лагеріне Respublica партиясы атынан Алматы қалалық мәслихат депутаттары Қайрат Бегалин және Жалынбек Жайнарбаймен бірге барып, жағдайымен таныстым. Жазғы лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмаған, өрескел бұзушылықтар орын алғандығына куә болдым. Лагерь ыңғайластырылған бұрынғы сауна ғимаратында орналасқан, - деп жазды ол.

Депутат мемлекеттік сатып алу процедулары қалай жүргізілгендігі төңірегінде мәселе туындағанын, тиісті мекемелерге тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданғанын айтты.

Қызмет көрсетуші «БелРичи» ЖШС мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсету құны 107,8 млн теңге. Жоспар бойынша 1150 бала демалыспен қамтылуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу процедулары қалай жүргізілгендігі төңірегінде мәселе туындауына байланысты менің тарапымнан ҚР Бас прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданды. Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша жақын арада балалар басқа демалыс лагерлеріне жіберіледі. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым, - деп түйіндеді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда «Арман дала» лагерінің төңірегінен дау шыққанын жазған болатынбыз. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатындағы балалар лагерьге тегін жолдама алған, бірақ лагерь сауна ғимаратында орналастырылған болып шыққан.

Кейіннен осы жағдайға қатысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми мәлімдеме жасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: facebook.com/nurgul.ttt
Өзгелердің жаңалығы