Сауна мен фитнес орталығындағы лагерь. Депутат балалардың жазғы демалысы жайлы айтты
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында балалар лагерінің жай-күйін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтарды тізіп айтып берді.
Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады, - деді Бейсенбаев.
Мәжілісмен балаға қатысты мұндай теріс қадамға бару – нағыз бассыздық, ақша үшін ардан аттау емес пе дейді.
Тағы бір мысал. Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтаған. Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес, - деп айтты Елнұр Бейсенбаев.
Депутаттың айтуына қарағанда, былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған.
Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген.
Сондай-ақ 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушыны қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалардың демалуына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Айта берсек, мұндай мысалдар жетерлік. Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті, - дейді депутат Үкіметке жолдаған сауалында.