Сәуірде қыз сыны республикалық байқауының іріктеуі басталады
Сәуірде еліміздегі мега жобалардың бірі «ASSYL ARU» республикалық байқауының іріктеуі басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«ASSYL ARU» республикалық қыз сыны байқауының басты идеясы «Мен болашақ анамын!» ұранына негізделген. Кез келген қыз баласының арман-мақсаты - сәби сүйіп, бесік тербету. Дені сау ана мен бала мемлекетіміздің іргетасы іспетті. Сұлулық әлемді құтқарса, Ана мейірімі кез келген қауіп қатерге қарсы тұруға қауқарлы. Байқауға қатысушылардың бойынан асқан сұлулық пен қатар тектілік, ізгілік, парасаттылық пен даналық сияқты қасиеттер табылып жатса, ұжымдық жұмыстың бір мақсатының орындалғаны деп есептейміз, - дейді ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар бұл жобаның өзгелерден ерекшелігі аруларымыздың тән сұлулығымен қатар жан сұлулығына назар аудару.
Еліміздегі сәні мен сымбаты үйлескен «Ісмер қыз», «Іскер қыз», «Сәнгер қыз», «Атбегі қыз», «Бүркітші қыз», «Аңшы қыз», «Әскери қыз» «Спортшы қыз», «Ұшқыш қыз», «Мейірімді қыз», «Ұстаз қыз», «Дәрігер қыз», «Зиялы қыз», «Білімді қыздарды» тауып, оларды халық арасына насихаттай отырып, беделін көтеріп, қыз абыройын арттыру. Сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етіп, ұстанатын хоббиын одан әрі дамытуына мүмкіндік жасау. Осы арқылы арулардың асыл қасиеттерін еліміздің барша қыздарына үлгі ете отырып, бұрымдыларымызды жаман қылық пен ерсі әрекеттерден сақтандыру. Керісінше, нәзік жандыларға қоғам өміріне белсене араласуы қажеттігін түсіндіре отырып, оларды оқу-білімге, ғылымға, жаңа технологияны меңгеруге, кәсіп істеуге үндеу және баулу. Осы байқау арқылы сол ерекшеліктерді ұлт жадына бекіте түспекпіз, - дейді ASSYLTAS қоғамдық қорының жобалар менеджері Кәмила Аманова.
Байқауға 18-24 жас аралығындағы қыздар қатыса алады.