Саудадан цифрландыруға дейін: Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Қатай арасындағы сауда көлемі 43 миллиард доллардан асып, тарихи рекордқа жетті. Бұл Қазақстан мен Қытайдың сауда-саттық тарихындағы жаңа кезең болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл өте қомақты сома, сондықтан екі ел арасындағы сауда және инвестициялық баланстың маңызы арта түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға жетуі мүмін. Қазіргі таңда Қытай инвесторлары Қазақстанның ауыл шаруашылығы, мұнай-газ және өңдеуші өнеркәсіп салаларына белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Қазақстан болса өз кезегінде дәстүрлі шикізат экспорттаушы ретіндегі әлеуетін арттыруға және халықаралық нарықтағы орнын нығайтуға ұмтылуда. Бұл екі тарап үшін де экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды мүмкіндігін көрсетеді.

Қазақстан Қытай үшін табиғи уран жеткізушілерінің бірі саналады. Бұл – Қытай үшін аса маңызды бағыт. Сондай-ақ, энергетика саласында жаңа жобалар қолға алынуы мүмкін. Мысалы, үшінші атом электр станциясын Қытай салуы ықтимал деген ақпарат бар. Маусым айында Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары барысында жалпы құны 24 миллиард доллардан асатын ірі жобаларға қол қойылды. Бұл да Қытайдың Қазақстанға деген инвестициялық қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Бүгінде Қытай Қазақстанның ең ірі инвестициялық серіктестерінің бірі болып отыр, - дейді әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков.

Қытай қазіргі таңда Қазақстанның ең маңызды экономикалық әріптесіне айналды. Сарапшының айтуынша, басқа бағыттарды да дамытуға тиіспіз.

Жаңа бағыттардың ішінде цифрландыру ерекше рөл атқарады. Қазақстан 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 миллиард долларға жеткізуді және қосымша 150 миллиард доллар инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Бұл өте амбициялық мақсаттар, ал оларға қол жеткізу үшін Қытайдың қолдауы маңызды болмақ, - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, халық арасында Қытаймен байланыс бойынша түрлі көзқарас бар.

Барлық жерде тек оң көзқарас бар деуге болмайды. Қоғам ішінде Қытайға қатысты әртүрлі пікірлер бар. Синофобия, Қытайдың ықпалына қатысты қорқыныштар. Бұл мәселелерді елемей қоюға болмайды. Сондықтан жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Көп жағдайда қол қойылған келісімдердің мазмұны жарияланбайды. Ал егер келісімдер ашық болса, қоғамдағы сұрақтар азаяды. Қытайға қатысты үрей тек Қазақстанға ғана тән емес. Қытайдың барлық көршілерінде осындай пікірлер бар. Мәселен, Ресейдің өзінде Қытай Қиыр Шығыстағы жерлерді иемденуі мүмкін деген қауесеттер айтылады, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы