«Саудадан өндіріс пен технологияға»: Айбар Олжай Қазақстан-Корея байланысын талдады
Қазақстан мен Корея экономикалық әріптестікті жаңа деңгейге шығаруға ниетті. Сарапшы инвестиция, өндіріс және инфрақұрылымдағы өзгерістерді атады.
Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық ынтымақтастық сауда көлемін арттырумен ғана шектелмей, өндірісті жергіліктендіру, технология трансфері, инфрақұрылым және экспорттық әлеуетті дамыту бағытына бет алып келеді. Бұл туралы экономист, сарапшы Айбар Олжай Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан-Корея экономикалық форумы екі ел арасындағы әріптестіктің жаңа кезеңін айқындаған. Негізгі басымдықтар қатарында өндірісті жергіліктендіру, технология трансфері, инфрақұрылым дамыту, жаңа индустриялық құзыреттер қалыптастыру және Қазақстанды Орталық Азиядағы өндірістік әрі логистикалық хабтардың біріне айналдыру бар.
Сауда және инвестиция көлемі
Айбар Олжайдың жазуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланысқа қажетті база қалыптасқан. 2025 жылы Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 1,3%-ға өскен.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында екіжақты сауда көлемі 1,3 млрд долларды құраған. Осы кезеңде Қазақстанның Кореяға экспорты 17,2%-ға артқан.
Яғни екі елдің экономикалық байланысында Қазақстан тек кореялық тауарларды импорттайтын нарық ретінде емес, өз өнімдерін жеткізетін серіктес ретінде де позициясын біртіндеп күшейтіп келеді, – деп атап өтті сарапшы.
Корея капиталының Қазақстан экономикасындағы үлесі де елеулі. 2005 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейін Кореядан Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі 12,3 млрд долларға жеткен.
Осы көрсеткіш бойынша Корея Қазақстанның ірі инвесторларының алғашқы ондығына кіреді. Қазіргі таңда елімізде кореялық капиталдың қатысуымен 1022 кәсіпорын жұмыс істейді.
Қазақстанда Hyundai Motor Company, Kia, Samsung Electronics, Lotte және Doosan Enerbility сияқты ірі компаниялар жұмыс істейді.
46 инвестициялық жоба пысықталып жатыр
Қазір екі ел жалпы құны шамамен 4 млрд доллар болатын 46 инвестициялық жобаны пысықтап жатыр. Олардың қатарында машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да өңдеуші секторлар бар.
Айбар Олжайдың айтуынша, бұл бағыттағы негізгі өзгеріс дайын өнімді импорттау моделінен өндірістің бір бөлігін Қазақстанға көшіруге, технология тартуға және жергілікті жеткізушілер тізбегін дамытуға көшу болмақ.
Автомобиль өнеркәсібіндегі келісімдер осы үрдістің нақты мысалы ретінде көрсетілген.
Мемлекет басшысының Hyundai Motor Group президенті әрі стратегия және жоспарлау бөлімінің басшысы Сунг Киммен кездесуінде өндіріс көлемін ұлғайту, локализацияны тереңдету, автокомпоненттер өндірісін дамыту және Қазақстаннан автомобиль экспортын арттыру мәселелері талқыланған.
Сондай-ақ болашақта электромобильдер мен оларды қуаттандыру инфрақұрылымын дамыту мәселесі де осы бағыттың бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Қазақстанда Hyundai Tucson шығарылады
Экономикалық форум аясында автомобиль өндірісіне қатысты нақты келісімдер де жасалды.
Hyundai Motor Company мен Astana Motors Қазақстанда Hyundai Tucson жаңа моделін шығару жөніндегі келісімге келді.
Сонымен қатар QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Батыс Қазақстанда газ өңдеу зауытын салу бойынша келісімдер жасады.
Сарапшы бұл жобалар Қазақстан-Корея әріптестігінің автомобиль құрастырумен ғана шектелмей, энергетика мен күрделі индустриялық инфрақұрылым салаларына да кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
Alatau City жобасына Корея қатыспақ
Кореялық бизнестің Қазақстандағы жаңа кезеңдегі бағыттарының қатарында қалалық даму, туризм және логистика да бар.
Мемлекет басшысының Hanwha Group және Lotte Group басшыларымен кездесулерінде технологиялық жобалар, логистикалық инфрақұрылым және қонақүй бизнесі талқыланды.
Lotte Алматы мен Alatau City-де қонақүйлер салу жоспарын растаған.
Айбар Олжай Alatau City жобасын Қазақстан-Корея ынтымақтастығының жаңа символдық нүктелерінің бірі ретінде атады.
Бұған дейін БАКАД жобасына қатысқан Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясы – KIND енді Alatau City жобасын дамытуға тартылмақ.
Келіссөздер барысында корпорацияның қаланың мастер-жоспарын әзірлеуге, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ Ақтау мен Құрық порттарын және өңірлік әуежайларды жаңғыртуға қатысу мүмкіндігі қарастырылған.
Бірлескен инвестициялық қор құру ұсынылды
Қазақстан мен Кореяның бірлескен инвестициялық қорын құру идеясы да талқыланып жатыр.
Сарапшының пікірінше, бұл құрал іске асқан жағдайда жеке жобаларды жекелеген келіссөздер арқылы қаржыландырудан жүйелі инвестициялық модельге өтуге мүмкіндік береді.
Яғни кореялық капитал мен технологияны Қазақстандағы инфрақұрылымдық және индустриялық жобаларға тұрақты түрде тартатын жеке қаржылық механизм қалыптасуы мүмкін.
Айбар Олжайдың бағалауынша, Қазақстан мен Корея арасындағы экономикалық қарым-қатынас біртіндеп «сауда плюс инвестиция» моделінен өндіріс, технология, инфрақұрылым және экспортқа негізделген кең ауқымды индустриялық серіктестікке ауысып келеді.
Қазақстан үшін мұндағы негізгі құндылық тек инвестиция көлемінде емес. Егер қол қойылған және талқыланып жатқан жобалар толық іске асса, олардың нақты әсері өндірістің локализациясынан, жаңа жұмыс орындарынан, технология трансферінен, жергілікті жеткізушілердің пайда болуынан және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігінің кеңеюінен көрінуі тиіс, – деп түйіндеді сарапшы.