Сауда-саттық, туризм, инвестиция: Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим не береді?

Қазақстан мен Қытай арасында 10 қарашадан, яғни ертеңнен бастап визасыз режим күшіне енеді. Визасыз режим ел азаматтарына не береді немесе қазақстандықтар одан не ұтады? Еліміздің қытайлық туристерді тартудағы әлеуеті қалай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын сарапшылардан сұрап көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының мамыр айында Қытайға жасаған сапарында екі ел визалық талаптардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойғанын естеріңізге сала кетейік. 

Визасыз режим 10 қарашада басталады

2022 жылы жазда Қазақстан Қытай азаматтары үшін визасыз режимді енгізген болатын. Дәлірек айтқанда, дәл бүгінгі күнге дейін қытайлықтар елімізде 2 аптаға, яғни 14 күнге дейін бола алды. Енді жаңа келісім бойынша екіжақты визасыз режим іске қосылмақ.

Жақында ғана еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим 10 қарашадан бастап күшіне енетінін жария етті.

2023 жылғы 17 мамырда Сиань қаласында (ҚХР) қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2023 жылғы 10 қарашада күшіне енеді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады, - делінген хабарламада.

Ақорда

Азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейтінін қаперлеріңізге сала кетейік.

«Сауданы жеңілдетіп, туризмді дамытады»

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өткен болатын. Мәселен, былтыр екі ел арасында тауар айналымы 35%-ға артып, рекордтық 24,2 млрд долларға жетті. Биыл да қарқынды өсім жалғасып, өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті. 

Бүгінде Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция бойынша Қытай ТОП–5 инвестор–елдерінің қатарына кіреді. Соңғы 18 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 24 млрд долларға жетті. Сонымен қатар биылдың бірінші жартыжылдығында қытайлық инвестицияларының көлемі 30%-ға өсіп, 750 млн долларға жетті.

Primeminister.kz

Қазіргі таңда енгізіліп жатқан визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Визасыз режимнің 10 қарашадан бастап күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе, алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті. Менің ойымша, бұл шара азаматтарымыздың саяхатын қолжетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі, - деді Әлихан Смайылов.

«Визасыз режим қарапайым азаматтар үшін өте тиімді болмақ»

«Қытай зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов визасыз режимнің отандастарымыз үшін қандай жағымды жағы бар екенін түсіндіріп айтып берді.

Сарапшының айтуынша, визасыз жүйе – бұл екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көшуін білдіреді. Екі ел президенттерінің «алтын 30 жылдық» бастамасы аясында қазіргі күні қазақ-қытай серіктестігіне жаңа серпіліс беріліп жатыр.

Президент биыл мамырда Сиань қаласында өткен Орталық Азия-Қытай саммитінде және қазанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай өткізілген ІІІ форумға қатысқан болатын. Осы саммит пен форумдағы мәлімдемелеріне қарайтын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы экономикалық тұрғыдан жоғары деңгейге өткенін атап өтуге болады. Мысалы, бұған дейін Қытай біздің сауда серіктестеріміздің бестігіне кіріп, 4-5 орындарда болса, бүгінгі күні 1-2 орынға көшуге мүмкіндік алып отыр, - деді Қазбек Майгелдинов.

Сарапшының жеке мұрағаты

Жалпы визасыз режим азматтарға екі мемлекет аумағында 30 күн болуға мүмкіндік береді. Ол 3 бағытта, атап айтқанда, жеке, туристік және бизнес бағытында іске асырылады. Визасыз режим қарапайым қазақстандықтарға туристік, медициналық туристік бағытта саяхат жасауға, ал кәсіпкерлерге Қытай зауыттарына, әріптестеріне тікелей шығуға мүмкіндік береді.

Қазіргі күннің өзінде marketplace-тер арқылы, яғни Alibaba, Pinduoduo сауда қосымшаларын және басқа да электронды коммерция бағыттарын қолданып келеді. Алдағы уақытта бұл жеке азаматтардың өз кәсіптерін дамытуына мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі тұтынушы тауарлардың басым бөлігі Қытайда өндіріледі. Енді Қытайдың өндірісіне келетін болсақ, мысалы, Шэньчжэнь қаласында бәріміз білетін Iphone-ның ең басты зауыты орналасқан. Одан бөлек, Гуанчжоуда киім-кешек, жеңіл өндірістің негізгі фабрикалары бар. Сондықтан ең алдымен визасыз режим қарапайым азаматтар үшін өте тиімді болмақ. Екіншіден, әрине экономикалық қарым-қатынасымыз үшін де маңызды. Себебі ірі кәсіпорындар, жалпы тауар рәсімінде жеңілдіктерге ие болады. Қазіргі таңның өзінде Қытай кеден басқармасының тізіміне еліміздің мыңнан астам кәсіпкерінің кәсібі тіркеліп жатыр. Бұл алдағы уақытта алыс-беріс, тауар қарым-қатынасына жаңа серпін беретіні анық, - деп ойын айтты саясаттанушы.

Оның сөзінше, осыған дейін Қытай азаматтары үшін еліміз 14 күндік визасыз режимді енгізген еді. Енді 10 қарашадан бастап екі жаққа да 30 күндік визасыз режим іске қосылады. Сарапшы бұл туризмнің дамуына септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қытайлық туристер және қыруар ақша

Биыл Президент еліміздің туризм әлеуетін арттыру үшін Туризм және спорт министрлігін құрды. Оған қоса Қазақстан мен Қытайдың өзіндік туристік әлеуеттері бар. Біріншіден, әрине біз қытайлық туристерді көбірек тартуға мүдделіміз. Өйткені 1,5 млрд халқы бар қытай туристерінің әлеуетін пайдалануға әлемде бәсекелестік өте жоғары. Бұл – қыруар ақша. Себебі туризм – ол тек қана туристік нысандарға саяхат емес, сонымен бірге ол қызмет көрсету салаларының дамуына да мүмкіндік береді. Кафелер, ресторандар, қонақ үйлер дамиды. Сол себепті бұл жаңа ақша ағынын алып келуге толық мүмкіндік беретін жоба. Сондықтан Қазақстан үшін Қытай туристерінің ағынын жоғарылату маңызды, - деп санайды Майгелдинов.

Гүлжан Раманқұлова

Сондай-ақ 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» екеніне тоқталып, бұл отандық туристік компанияларға, сондай-ақ туризм нысандарын кеңірек насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Саясаттанушы атап өткендей, біз туристік әлеуетті жоғарылату арқылы экономикамыздың да әлеуетін дамытуға мүмкіндік аламыз.

Қазақстан үшін Қытайдың ашылмаған жақтары көп. Өйткені Қытайда қаншама провинция бар. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Қытай 3000 жылдық тарихы бар мемлекет болғандықтан тарихи нысандар өте көп. Одан бөлек, Қытай таулы аймақ болғандықтан, табиғи парктер де қазақстандықтардың қызығушылығын тудырары хақ, - дейді ол.

Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Қытай үшін екі ел арасындағы сауда қатынасының жаңа деңгейге көтерілгені маңызды. Себебі Қазақстан - Қытай үшін Еуропаға дәліз.

Сондықтан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Орталық Азия елдері ішінде басты серіктес ретінде Қазақстанды қарастырып отыр. Біздің ұланғайыр территориямыз арқылы тікелей Еуропа елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне шығуға мүмкіндік алып отыр. Бұл тауар айналымының, жалпы қытай тауарларының Еуропаға шығару мүмкіндігін арттыру үшін маңызды, - деп түсіндірді сарапшы ойын.

«Қытай ешқашан жаулап алушылық соғыс жүргізбеген» немесе синофобия қайдан шыққан

Қазақстандықтардың арасында синофобия деп аталатын «Қытай қауіпі» туралы тенденция бар. Бір жағынан мұның өзінің тарихи алғышарттары бар. Екінші жағынан мұны Кеңес үкіметі кезінде арнайы пропаганданың (насихаттың – ред.) жүргізілуінің нәтижесі деп айтуға болады. Бір ғана мысал келтіруге болады. Қытайдың 3000 жылдық тарихына қарайтын болсақ, Қытай ешқашан жаулап алушылық соғыс жүргізбеген. Негізінен қорғанған, яғни Қытай қорғанының салынуын да осыдан байқауға болады. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстан-Қытай арасындағы қарым-қатынаста керісінше Ұлы Жібек жолы арқылы сауда байланысының сонау 3000 жыл бұрын дамығанын көріп отырмыз, - деп түсіндірді «Қытай зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы.

Саясаттанушы атап өткендей, біріншіден, Қытай – географиялық тұрғыдан көршіміз. Екіншіден, Қытай - №2 экономика. Үшіншіден, Қазақстан-Қытай арасындағы территориялық барлық мәселе делимитациядан өткен. Елдеріміздің арасында стратегиялық әріптестік туралы келісімшарт бар.

Оған қоса, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай Қазақстанның территориялық тұтастығы мен тең дәрежелі қарым-қатынасы туралы мәлімдемелерін бірнеше рет айтқан болатын. Бұдан Қазақстаннның қарым-қатынастағы ұлттық мүдделерін қорғап отырғанын көріп отырмыз. Ал енді мұндай экономикаға жабылып қалу не болмаса мұндай экономикадан бас тарту біз үшін тиімсіз. Геоэкономикалық, геосаяси тұрғыдан қарайтын болсақ, Қазақстан осындай ұлы көршімен қарым-қатынас орнатқаннан кейін өзіміздің басымдықтарымызды, өзімізге қажетті тиімді тұсын ескеруіміз керек, - деп атап өтті Қазбек Майгелдинов.

Гүлжан Раманқұлова

«Қытайды зерттеуіміз керек»

«Қытай зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорының төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов көршімізді зерттеу қажет екенін айтты.

Қытайдың әлеуетінен бұрын алдымен олардың психологиясын, мемлекеттік басқаруын, шешім қабылдау бағыттарын, мәдениетін, тарихын терең зерттеуіміз керек. Неге? Біріншіден, 1,5 млрд халқы бар Қытай Қазақстанды дүрбімен емес, микроскоппен қарап отырғандай зерттеп жатыр. Мысалы, жоғары оқу орындарында Қазақстанды зерттейтін арнайы орталықтар бар. Ал Орталық Азияны зерттейтін 100-ден астам орталығы бар. Әлемдік ми орталықтары бойынша Қытай 2-орында, - дейді саясаттанушы.

Майгелдиновтің айтуына қарағанда, Қытай барлық салада көршілес елдерін зерттеп отыр. Керісінше 20 млн халқы бар Қазақстан Қытайдың зор әлеуетін, ертеңгі күні қандай мүмкіндіктер бар екенін, өзіміз үшін маңызды бағыттарды білу үшін көршімізді жан-жақты зерттегеніміз жөн.

Өкінішке қарай, бізде Қытайды арнайы зерттейтін орталықтар аз. Қытайды зерттеу орталығы деген үкіметтік емес ұйымдар бар. Бір ғана ұйым және Алматыда қытай тілін оқытатын орталық бар. Сондай-ақ шығыстану институттары мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайды зерттейтін ғылыми кафедра бар. Одан басқа арнайы ми орталықтары жоқтың қасы. Қазір өзімнің докторлық диссертациямда «Бір белдеу, бір жол» саясатын зерттеп жатырмын. Осыған байланысты биыл қыркүйекте «Қытай зерттеушілер қауымдастығы» қоғамдық қорын құрдым. Бұл қоғамдық қордың құрылудағы басты мақсаты – еліміздегі қытайтанушылардың басын біріктіру, олардың негізгі әлеуетін пайдалану, қытайтанушы жас буынды ортамызға тарту, - дейді қоғамдық қордың басшысы.

Қазбек Майгелдиновтің сөзінше, бүгінгі күнге дейін 10 мыңнан астам қазақстандық Қытай университеттерін бітірген, қытай тілін біледі, бірақ әртүрлі салада жұмыс істейді. Қор басшысы осы жас мамандарды қауымдастықтың бағыттарына сай, мысалы, экономика, қауіпсіздік, энергетикалық қауіпсіздік, мәдениет, тарих бағыттары бойынша қорға тартады.

Арнайы симпозиум мен конференциялар өткізу көзделіп отыр. Сонымен бірге Орталық Азия сарапшыларының қауымдастығын құру көзделіп отыр. Өйткені қанша дегенмен Қытай Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерімен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында терең байланыс орнатып жатыр. Сондай-ақ елшіліктермен қарым-қатынас орнату жоспарда бар. Қазіргі таңда Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ елшіліктерінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен айналысатын арнайы мамандар бар. Өйткені осындай әріптестіктің арқасында сарапшылар пікір алмасып, арнайы баяндамалар және сараптамалық қорытындылар жасайды. Оның барлығы Үкіметке, тиісті ведомстволарға қандай да бір бағыттар бойынша ұсынымдар жасау үшін қажет болады, - дейді ол.

Саясаттанушы Майгелдинов еліміздегі қытайтанушылардың арнайы бағытын қалыптастыру маңызды екенін айтты. Өйткені бізде қытайтанушылар мектебі болуы керек. Міне, қауымдастық осы мақсатта құрылып отыр.

Жалпы алғанда Қытайды зерттеушілер қауымдастығының негізгі мақсаты – бұл Қытайды тарихи-мәдени, ғылыми тұрғыдан терең, жан-жақты зерттеулер жүргізу. Яғни біз Қытай архивтерінен жаңа мәліметтер алу, мәдени тұрғыдан қытай жазушыларының, ғылыми орталықтарындағы қытай ғалымдарының еңбектерін қарап, олардың Қазақстанды зерттеу бағыттарын анықтау арқылы Қытайды салалық деңгейде, қауіпсіздік, энергетика, экономика мәселелері бойынша түрлі зерттеулер жүргізуді мақсат етіп отырмыз. Өйткені бізде Қытайды зерттеудің салалық бағыты қалыптаспаған. Сол себепті осындай олқылықтың орнын толтыру үшін осы қауымдастық құрылып отыр, - деп айтты қоғамдық қордың негізін қалаушы.

Қазбек Майгелдинов сөзін қорытындылай келе, визасыз режим күшіне енгеннен кейін қазақстандықтарға Аспан асты елінің бірнеш қаласына баруға кеңес берді.

Қытайдың бірнеше провинциясында және Пекин, Сиань, Шанхай, Циндао, Чунцин сияқты ірі қалаларында болдым. Қытайдың ең ірі қалалары тізімінде Чунцин қаласы тұр. Ол - жоғары дамыған мегаполистердің бірі. Чунцин туристік қала ретінде де Қытайда алдыңғы қатарда. Сондықтан осы қалаға баруға кеңес берер едім. Екіншісі - Сиань. Ол - Ұлы Жібек жолы бастау алған ежелгі қала. Мұнда әлемге әйгілі терракот әскері музейі бар. Сонымен қатар Циндао қаласы. Ол теңіздің жағасында орналасқан. Туристер үшін жаз мезгілінде қызықты болады деп ойлаймын, - деп ол өзіне ұнаған Қытай қалалары жайлы айтты.

Сарапшының сөзінше, Қытайдың тарихи нысандарынан бөлек, ішкі инфрақұрылымы да туристерді қызықтырмай қоймайды. Себебі Қытай қазір жылдап дамып жатыр. Сонымен қатар қазіргі күннің өзінде кәсіпкерлеріміз Гуанчжоу қаласына тікелей барып, тауар тасып жатыр. Бұл қала сауда-саттық мақсатында қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Әлемде екінші Нью-Йорк аталып кеткен Шанхай қаласы да азаматтарымыз үшін қызықты болады.

Гүлжан Раманқұлова

«Қытайдың миллионерлері үшін Қазақстан айтарлықтай қызықты жер емес»

Мәжіліс депутаты Самат Нұртазадан да визасыз режимге қатысты ойын білдік.

Бізде «шекараны ашсаң, 1,5 млрд қытай үйіңе кіріп алады» деген стереотип бар. Ол – дұрыс емес. Визасыз режимге қарсы адамдар олар көбіне Қытайда болмаған, Қытай жайлы білмейтін, тіпті өмірінде Қытай азаматын көрмеген адамдар. Мен былай түсіндіріп өтейін, Қытайдың миллионерлері, іскер адамдары үшін Қазақстан кереметтей қызықты жер емес. Себебі бізде 20 млн ғана халық бар. Нарық өте кішкентай. Мысалы, сіріңке жасайтын не болмаса тостаған я болмаса көлік жасайтын компания үшін 20 млн халқы бар мемлекет қызығушылық тудырмайды, - дейді депутат.

Оның айтуынша, Қытайдың бизнесменіне қасында тұрған 80 млн халқы бар Вьетнам, 250 млн-дық Индонезия, Филиппин қызық.

Ал енді 6 ай қысы бар, жолы жөнделмеген, 20 млн ғана ат төбесіндей халқы бар мемлекетке олар неге келіп жатыр? Бұған дейін де қытайлықтар үшін 14 күндік визасыз режим аштық. Одан ауламызда, көшемізде қытай толып кеткенін көргеніміз жоқ. Сол себепті визасыз режимге тек қазақтың көзімен ғана емес, сонымен бірге ақшасы көп, ауқатты Қытай азаматтарының көзімен қарау керек. Бизнестің келуі біріншіден дипломатиямыздың жеңісі. Оны бағалау керек. Ертең инвестиция құйылса, оны Қытай қорғайды. Яғни оның артында еліміздің тұрақтылығы мен территориялық тұтастығы жатыр. Себебі, сіз өзіңіз ақша салған банкті қорғайсыз ғой. Сол сияқты Қытай да, Британия да, кеше келген Франция да өз ақшасын қорғауға тырысады, - деген пікір айтты Самат Нұртаза.

Депутат визасыз режимнің енгізілгенін қолдайтынын айтты.

Қазақстандықтар визасыз режимді өз пайдаларына жаратып, Қытаймен сауда-саттық жасауына болады. Егер қателеспесем, 20 млн халқымыздың 1,5 млн-ы Қытаймен жұмыс істеп жатыр. Біреуі киім тасыса, енді біреуі тамақ тасып жатыр. Сондықтан Қытаймен жұмыс істеу өте тиімді деп есептеймін. Ол әр қазақстандық үшін айтарлықтай экономикалық дүмпу болар еді, - деп ойын жеткізді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы