Сауда рәсімдерін жеңілдететін ақпарат порталы жұмысын бастады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда бизнес үшін сауда рәсімдерін жеңілдететін tradeinfo.kz ақпарат порталы жұмысын бастады. Жаңа онлайн-платформа трансшекаралық сауда рәсімдері туралы ақпаратты ұсынып, оны бизнес үшін қолжетімді етеді.
Ready4Trade-Орталық Азия жобасы Қазақстанның сауда порталын іске қосты. Оны Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландырып, Халықаралық сауда орталығы (ХСО) іске асырады. Портал барлық импорттық, экспорттық және транзиттік шарттылықты, қажетті құжаттарды, нысандар мен рәсімдерді егжей-тегжейлі сипаттайды. Қазір порталда 50-ден астам тауарға арналған рәсімдер сипатталған.
Қазақстанда платформаны Сауда және интеграция министрлігімен ынтымақтастықта «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ әзірледі.
Порталды іске қосуға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Еуропалық Одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Е.П. Кестутис Янкаускас, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы қатысты.
Құттықтау сөзін сөйлеген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жобаны дайындау мен іске асыруға қосқан үлесі үшін ЕО пен ХСО-ға алғысын білдіріп, сауда порталы Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде тұрақты және жан-жақты экономикалық дамуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Енді Қазақстанның сыртқы экономикалық қызметіне қатысушылар импортта, экспортта және транзитте қолданылатын қағидалар мен рәсімдерге қол жеткізе алады. Біз үшін Сауда порталы отандық бизнестен кері байланыс алу құралына айналады. Осы бағыттағы жұмыс бизнес қауымдастықтармен және уәкілетті органдармен белсенді түрде пысықталатын болады, — деді вице-премьер.
Өз кезегінде ЕО-ның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кестутис Янкаускас мырза порталды әзірлеуге қатысқан барлық тараптарға, әсіресе Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade компаниясына алғысын білдірді. Ол, сондай-ақ, сауда порталы мен сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі бастамалардың бүгінгі жаһандық сын-қатерлерге нақты жауап екенін атап өтті. Қорытындылай келе, Елші ЕО-ның Қазақстанмен және оның барлық қатысушыларымен бірге тұрақты экономикалық дамуға жәрдемдесу және даму саласындағы барлық басқа мақсаттарға қол жеткізу ісіне бейілділігі туралы мәлімдеді.
«QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы порталды іске қосудың арқасында кәсіпкерлердің барлық нысандар мен құжаттарды қоса алғанда, импорт пен экспортта қолданылатын қағидалар мен рәсімдер бойынша толық және нақты ақпаратқа қол жеткізе алатынын атап өтті.
2020 жылдың тамыз айынан бастап QazTrade – Ready4Trade-Орталық Азия жобасының институционалдық серіктесі. Теңіз көлігімен тасымалдауды ұлғайтуға қызығушылықты арттырудың және Каспий теңізіндегі порттардың әлеуетін кеңейтудің өзектілігін ескере отырып, алғаш рет теңіз порттарының импорттық және экспорттық операцияларының бизнес-процестерін кезең-кезеңімен құжаттау жүргізілді. Мен сауда порталы барлық сауда рәсімдері бойынша гид болатынына сенімдімін, — деп түйіндеді QazTrade бас директоры Азамат Асқарұлы.
Қазақстанның сауда порталы – Халықаралық сауда орталығы іске асыратын және Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Ready4Trade Central Asia» жобасының құрамдас бөліктерінің бірі. Осыған ұқсас порталдар әлемнің 30 елінде іске асырылған. Орталық Азияда ұқсас порталдар Тәжікстан мен Қырғызстанда бар. Сауда порталдарын іске қосуды Өзбекстан мен Түрікменстан жоспарлап отыр.
Сауда порталы – бұл бақылау органдарының коммерциялық шарттылық туралы ақпаратын шоғырландыратын бизнестің анықтамалық құралы ғана емес, сонымен қатар сауда процедураларын жеңілдетудің бірқатар артықшылықтарын ұсынады. Атап айтқанда, портал бизнесмендер тап болатын коммерциялық шарттылықтың күрделілігін анықтауға және мөлшерлеуге, артық және қажетсіз кідіртулер тудыратын рәсімдер мен талаптарды айқындауға, трансшекаралық операцияларды оңтайландыру және қысқарту бойынша мақсаттарды белгілеуге және сауда рәсімдерін жетілдіруге бағытталған бизнес үшін реформалардың әсер ету тиімділігін өлшеуге мүмкіндік береді.