Сауда орындарында ұрлық азаймай тұр

Ертіс өңірінің кәсіпкерлері сауда орындарындағы ұрлық деректерінің көбеюіне алаңдаулы, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Мәселені шешу үшін жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілдері сауда орындарындағы бейнебақылау камераларын полицияның жедел басқару орталығы жүйесіне қосуды ұсынды.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Руфат Кенжиннің мәліметінше, жыл басынан бері сауда нүктелерінде 45 ұрлық тіркелген. Олардың жартысына жуығы ірі орталықтарда жасалған.

Өңірде 60 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді.14 мыңнан астам құрал жедел басқару орталығына қосылған. Олардың барлығы онлайн режимде қолжетімді. Камералардың көмегімен жыл басынан бері 36 қылмыстық істің беті ашылды. Сонымен қатар, 3 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Облыс орталығында заманауи камералар орнатып алған ірі сауда орындары бар. Бүгінде ондаған құрал біздің жүйеге тікелей қосылған. Нақтырақ айтқанда, құралдар адамның түр-әлпетін бірден тіркеуге қауқарлы. Азаматтың қандай да бір қылмысқа қатысы болса, полицияға бірден ақпарат түседі, - дейді Руфат Кенжин.

2027 жылға дейінгі бағдарлама аясында елді мекендерде 100 адамға 15 құралдан келетін биыл полиция департаменті 407 камеран сатып алу бойынша тапсырыс жасаған. Олардың барлығы полицияның орталық жүйесіне қосу жоспарланған.

Мамандардың айтуынша, облыста беті ашылмаған қылмыстар бойынша 100-ден астам күдікті іздеуде жүр. Сала қызметкерлері кәсіпкерлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамту мақсатында заманауи камераларды орнатуға шақырды. Сонымен қатар, қауіпсіздік қызметтерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге ұсынды. Сонда ұрлық сияқты заңбұзушылықтар азаяды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы