Сауда министрлігінің өкілі депутаттардың сұрағына жауап бере алмай, Қошановтан сөз естіді
Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын таныстырған Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков депутаттардың сұрағына жауап бере алмай, Мәжіліс төрағасынан ескерту естіді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды. Құжатты Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Айдар Әбілдабеков түсіндірді.
Министрлік өкілі баяндамасын жасап болғаннан кейін депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Депутат Ерболат Саурықов заңға қатысты сұрақ қойғанда ведомство өкілі күрсініп, сұраққа жазбаша жауап беруді өтінеді. Сол кезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов оған ескерту жасайды.
Айдар Ахметбекұлы, қазір министр шетелде іссапарда. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Депутаттардың қойып жатқан сұрақтары осы заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? «Мен бұл мәселенің кураторы емеспін» дейсіз. Бірақ бұл жерге (Мәжіліс мінберіне – ред.) келген министрліктің өкілі барлық сауалға жауап беруге дайын болуы қажет. Әйтпесе бұл жерге келудің қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі қажет еді. Дайындалып келу керек. Сіздің күрсінісіңізді біз жауап деп қабылдай алмаймыз, - деп Қошанов ескерту жасады.