Сауд Арабиясының "құтқарушы құбыры": мұнай Ормузды айналып өтуде
Сауд Арабиясы мұнай тасымалында балама бағытты толық қуатта іске қосып, Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыстың әсерін азайтуға кірісті.
Иран Ормуз бұғазын бұғаттауды жалғастырып, әлемдік мұнай бағасының өсуіне ықпал етуде. Алайда Сауд Арабиясы бұл жағдайға дайын болған – ел балама бағыт ретінде шығыс-батыс мұнай құбырын (Petroline) барынша пайдаланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ BILD басылымына сілтеме жасап.
Bloomberg деректеріне сәйкес, шөл арқылы өтетін алып құбыр арқылы тәулігіне шамамен 7 миллион баррель мұнай айдалады. Saudi Aramco компаниясы бұл мәселеге қатысты пікір білдіруден бас тартқанымен, компания басшысы Амин Нассер наурыз айының басында құбырдың толық жүктемемен жұмыс істейтінін айтқан болатын.
Ұзындығы шамамен 1200 шақырым болатын бұл құбыр Парсы шығанағы маңындағы кен орындарынан мұнайды Қызыл теңіздегі Янбу портына тікелей жеткізеді. Сарапшылар оны "Ормузды айналып өтетін негізгі бағыт" деп бағалап отыр.
Бұл инфрақұрылым 1981 жылы Иран мен Ирак арасындағы соғыс кезінде дәл осындай қауіптің алдын алу мақсатында салынған. Кейін, 2008–2012 жылдары Біріккен Араб Әмірліктері де өз құбыр жүйесін (ADCOP) күшейткен. Алайда ол Ормуз бұғазындағы ықтимал блокаданы толық алмастыра алмайды.
Сонымен қатар, мұндай құбырлардың әлсіз тұстары да бар. Бұған дейін Саудия құбыры дрон шабуылдарына ұшыраған, сондықтан қауіп әлі де сақталып отыр.