Сауд Арабиясында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты кеш өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мерекелік қабылдау өткізді.

Салтанатты шараға Рияд қаласының мэрі, Мәртебелі Ханзада Файсал бен Айяф, Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Н.Хаджраф, САК Консультативтік Кеңесінің депутаттары – Қазақстан-Сауд парламенттік достық тобының мүшелері, Сыртқы істер министрлігінің, Корольдіктің мемлекеттік органдарының басшылары мен өкілдері, шет елдердің елшілері мен дипломаттары және Рияд пен Джиддадағы халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілдері, ғылыми және іскерлік орта, қоғам және саяси қайраткерлер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ белгілі қоғамдық-саяси қайраткерлері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Б.Арын Тәуелсіздіктің 30 жылдық кезеңіндегі Қазақстанның негізгі жетістіктерін атап өтіп, қонақтарды еліміздің қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірі туралы хабардар етті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуындағы рөліне, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың кең қолдауына ие болған оның халықаралық бастамаларына ерекше назар аударылды. Б.Арын Тұңғыш Президенттің саяси көрегендігінің арқасында Қазақстан әлемнің 40 озық мемлекетінің қатарына енген тұрақты және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналғанын және өзінің экономикалық көрсеткіштерін жақсарта алғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы айтып берді.

Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын айтты, олар ҚР Президенті Қ.Тоқаев пен САК Тақ мұрагері Ханзада Мұхаммед бен Салман арасындағы жеке байланыстардың, сондай-ақ САК Консультативтік кеңесінің төрағасы Абдалла аш-Шейхтің және САК Инвестициялар министрі Халид Фалихтың Қазақстанға сапарларының арқасында ағымдағы жылы қосымша серпін алғанын ерекше атады.

Салтанатты қабылдауға қатысушыларға қысқа метражды деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы фотокөрме ұйымдастырылды.

Кештің көркі Қазақстаннан онлайн режимінде трансляцияланған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы оркестрінің концерті болды. Қазақстандық әртістер Елшіліктің салтанатты шарасына қолдау көрсетіп, көпшілікке танымал қазақ композиторларының шығармалары мен ұлттық фольклорын ұсынды.

Елшілік аумағында Қазақ киіз үйі мен көшпенділердің қолданбалы өнерінің ұлттық бұйымдары қойылған этнографиялық көрме ұйымдастырылды, бұл қонақтарға қазақ халқының мәдениетіне енуге, сондай-ақ ұлттық тағамдардың дәмін татуға мүмкіндік берді.

Қабылдау барысында Елбасы Н.Назарбаев пен Президент Қ.Тоқаевтың кітаптарының даналары, сондай-ақ Қазақстан туралы және оның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ Қазақстан-Сауд қарым-қатынастары туралы баяндайтын өзге де ақпараттық-имидждік материалдар таратылды.

Рияд қаласында пандемия кезеңінен кейін дипломатиялық корпус арасында алғаш рет өткізілген осындай іс-шараға келген қонақтар салтанатты қабылдаудың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы