Сауд Арабиясында қажылық басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Миллиондаған адам барша мұсылманның киелі мекені – Мекке қаласында алғашқы намаздарын оқыды. 

Бұл туралы AlJazeera хабарлады. 

Биыл қажылық коронавирус пандемиясынан басталғалы бері ауқымды деңгейде бірінші рет өткізіліп жатыр. Себебі әмірлік соңғы екі жылда қажылыққа келетіндердің санына шектеу қойған еді.  

Сауд Арабиясы 1 млн қажыға жеңілдік жасады. Алайда қатаң талаптары да жоқ емес: қажылардың жасы 65-тен аспауы және COVID-19-ға қарсы екпе алғандығы туралы құжаты болуы тиіс. 

Қажылық кезеңі нағыз аптапқа сәйкес келгендіктен, Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі күн өту сынды жағдайлардың алдын алу үшін ауруханаларда 238 төсек-орын дайындап үлгерген. Себебі осы күндері Мекке, Медина мен Жидда сынды қажылар баратын қасиетті жерлерде ауа температурасы 28 бен 43 градусты көрсетіп тұр. 

Ал әскери-әуе күштері тікұшақтардың көмегімен қауіпсіздік және қозғалыс ережелерінің сақталуын аспаннан қадағалайды. 

Қажылыққа бұл жолы Сауд Арабиясының барлық өңірінен мүмкіндігі шектеулі 300-дей қажы қатысуда. Одан бөлек, қажылыққа келген әйел адамдардың жанында қамқоршы ер адамның міндетті түрде болуы туралы шарт алынып тасталды. Осылайша, қажылық рәсіміне қамқоршы ер азаматсыз келген мың әйел қосылды. 

Қажылық рәсімдері Зүл-хиджа айының 8-ші күні мен 12-ші күні аралығында 5 күн бойы орындалады.   

Биыл елімізден қажылыққа 4 мыңдай отандасымыз  қатысады деп күтіліп отыр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы