18 Қазан 2026, 19:18 Фото: Anadolu

Сауд Арабиясында барлау тікұшағы апатқа ұшырап, екі офицер қаза тапты

Араб коалициясының мәліметінше, AH-6i тікұшағы Наджран аймағында техникалық ақауға байланысты апатқа ұшыраған.

Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясының мәліметінше, Сауд Арабиясының Наджран аймағында барлау тікұшағы апатқа ұшырап, екі офицер қаза тапқан. Апатқа техникалық ақау себеп болған.

Коалиция өкілі, генерал-майор Турки әл-Мәликидің айтуынша, Сауд Арабиясының Ұлттық гвардия министрлігіне тиесілі AH-6i тікұшағы Наджран аймағында техникалық ақауға байланысты құлаған. Әуе кемесінің экипажында болған екі офицер қаза тапқан.
Осы оқиғадан бір күн бұрын Иран қолдайтын йемендік хуситтер елдің оңтүстігіндегі Наджран қаласының маңында Сауд Арабиясына тиесілі «Апачи» тікұшағын атып түсіргенін мәлімдеген.

Йеменде азаматтық соғыс жалғасып жатыр. Қақтығыс 2014 жылғы қыркүйекте Иран қолдайтын хуситтер астана Сана мен бірқатар провинцияны бақылауына алғаннан кейін басталған.

2015 жылғы наурыздан бері Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Йеменнің халықаралық деңгейде мойындалған үкіметін қолдап келеді.

Соңғы уақытта Йеменде үкімет күштері мен хуситтер арасындағы қақтығыстар жиілеген. Өз позицияларына шабуыл жасалғанын мәлімдеген Иран қолдайтын хуситтер Сауд Арабиясына баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы беріп келеді.