Сауд Арабиясы Украинаны қалпына келтіруге қаржы құяды

Сауд Арабиясы соғыстан кейін Украина қалпына келтіру жұмыстарына қаржы құюы мүмкін. Мұндай келісімдер Украина президенті Владимир Зеленский мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Сальман арасындағы Джиддадағы кездесу барысында жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап.

Украина президенті Владимир Зеленский мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Сальман Джидда қаласында келіссөздер өткізіп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Бұл туралы 11 наурызда Украина президентінің ресми сайтында және Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында жарияланды.

Украина сауда-экономикалық және энергетикалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға, сондай-ақ Сауд Арабиясының инвестицияларына және біздің елімізді қалпына келтіру процесіне қатысуына мүдделі. Тақ мұрагері Украинаға және оның болашағына инвестиция салу ниетін растады, - делінген Украина жағының хабарламасында.

Сауд Арабиясы тарапы көшбасшылардың энергетика, азық-түлік өнеркәсібі және инфрақұрылым салаларында болашағы зор инвестициялық және экономикалық әріптестікті қалыптастыру арқылы инвестициялық байланыстарды нығайтуға бел байлағанын хабарлады. Сонымен қатар, Зеленский мен Мұхаммед бен Сальман мұнай, газ, олардың туындылары және мұнай-химия салаларында ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға ниетті екенін айтты.

Сауд Арабиясы Украинаның шекарасын құрметтейді

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі тараптардың Украинада жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған күш-жігерді талқылағанын мәлімдеді. 

Сауд Арабиясы бұл күш-жігердің халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес, соның ішінде егемендік қағидаттары мен халықаралық деңгейде танылған шекараларды құрметтеу негізінде соғысты тоқтатуға алып келеді деген үмітін білдірді, - делінген баспасөз хабарламасында.

Украина президентінің сайтында көшбасшылардың Сауд Арабиясының тұтқындарды босатуға және депортацияланған украиндарды қайтаруға араағайындық ету мәселесін талқылағаны жазылған. Сондай-ақ, Зеленский Эр-Риядқа Украина қорғаныс өнеркәсібін дамытуға бірлесіп атсалысуды ұсынды.

Сауд Арабиясындағы Украина мен АҚШ келіссөздері

11 наурызда Джиддада Мәскеу мен Киев арасындағы ішінара атысты тоқтату мәселесіне арналған Украина мен АҚШ делегацияларының келіссөздері басталды. Америкалық делегацияны АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президент кеңесшісі Майк Уолц басқарады.

Украина тарапынан келіссөздерге Президент кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, Сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы