17 Қыркүйек 2026, 04:26 Фото: pexels

Сауд Арабиясы Оман арқылы мұнай жеткізілімін арттырмақ: Мұнай бағасы төмендеді

Сауд Арабиясы Оманның Сохар порты арқылы азиялық мұнай өңдеу компанияларына қосымша мұнай партияларын ұсына бастады.

Әлемдік нарықта мұнай бағасы Сауд Арабиясының Оман арқылы қосымша шикізат жеткізетіні туралы хабардан кейін 3%-ға жуық төмендеді. Бұл Таяу Шығыстағы жеткізілім үзілістеріне қатысты алаңдаушылықты біршама бәсеңдетті.

Reuters-тің мәліметінше, Brent маркалы мұнай фьючерстері 2,7%-ға арзандап, барреліне 105,83 долларды, ал америкалық WTI 3,1%-ға төмендеп, 102,51 долларды құрады.

Сауд Арабиясы Оманның Сохар порты арқылы азиялық мұнай өңдеу компанияларына қосымша мұнай партияларын ұсына бастады. Бұл Янбу экспорттық портындағы жеткізілімдердің тоқтауынан болған тапшылықты ішінара өтеуге бағытталған.

Мұнай бағасына АҚШ-тағы қорлар туралы мәлімет те қысым жасады. Елдегі шикі мұнай қоры бір аптада шамамен 640 мың баррельге азайған. Сарапшылар оның 1,62 млн баррельге төмендеуін күткен еді. Сонымен қатар бензин мен дистиллят қорлары өскен.

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай нарығы үшін негізгі тәуекелдердің бірі болып отыр. Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қалыпты деңгейден едәуір төмендеген. Соғысқа дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газдың шамамен бестен бірі тасымалданатын.

Нарықта дизель тапшылығына қатысты алаңдаушылық та сақталып отыр. Бұған Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің қысқаруы және Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы өндірістің төмендеуі әсер еткен.