Сауд Арабиясы киноиндустрияға рекордтық қолдау көрсетпек
Корольдік әлемдік киноиндустрияны өзіне тарту үшін рекордтық өтемақы ұсынуда.
Сауд Арабиясы ірі киностудиялар мен голливудтық продюсерлердің назарын аудару үшін белсенді күрес бастады.
Канн кинофестивалінде корольдік өкілдері ел аумағында түсірілген фильмдер мен сериалдардың шығынының 60 пайызына дейін өтеуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл – әлемдегі киноиндустрияны мемлекеттік қолдаудың ең жоғары деңгейлерінің бірі.
Голливудқа ондаған миллион доллар ұсынылуда
Сарапшылардың айтуынша, егер фильм бюджеті 100 миллион доллар болса, продюсерлер 60 миллион долларға дейін өтемақы ала алады.
Салыстыру үшін айтсақ, Германияда бір киножобаға берілетін ең жоғары қолдау көлемі шамамен 25 миллион еуроны құрайды.
Германияның киноны қаржыландыру жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Кирстен Нихаус мұндай саясат еуропалық кинонарыққа елеулі соққы болуы мүмкін екенін айтты.
Ірі киноөндірушілер Еуропадан кетуі немесе мүлде бізге келмеуі мүмкін, – деді ол.
Кино – «Vision-2030» стратегиясының бір бөлігі
Киноиндустрияны дамыту тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бастамашы болған ауқымды «Vision-2030» бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Жоба ел экономикасын жаңғыртуға және корольдіктің халықаралық имиджін ашық әрі заманауи етуге бағытталған.
Саяси ахуал әлі де күрделі
Сонымен қатар, Батыс БАҚ Сауд Арабиясы адам құқықтарына қатысты жағдай үшін сынға жиі ұшырайтынын еске салады. Мұхаммед бен Салманның есімі журналист Джамаль Хашоггидің өлімімен де бірнеше рет байланыстырылған.
Сауд Арабиясы ірі киостудиялар мен продюсерлерді тарту үшін бұрын-соңды болмаған қаржылық ынталандыру тетіктерін пайдаланып, әлемдік киноиндустриядағы ықпалын жылдам күшейтіп келеді.