Бүгiн 2026, 16:48 Фото: Қазақстан шахмет федерациясы

Сауат Нұрғалиев жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды

Италияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев үздік үштікке еніп, ел қоржынына қола жүлде салды.

15 жастағы қазақстандық шахматшы Сауат Нұрғалиев Италияның Монтесильвано қаласында өткен FIDE World Youth Chess Championships 2026 жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады.

2026 жылғы жастар арасындағы шахматтан әлем чемпионатына U14, U16 және U18 жас санаттары бойынша 85 ел мен аумақтан 742 жас шахматшы қатысты. Қазақстаннан жарысқа 35 спортшыдан құралған делегация барды. Ең үздік нәтижені O16 санатында ерлер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстанның қазіргі чемпионы Сауат Нұрғалиев көрсетті. Ол 8,5 ұпай жинап, 152 қатысушының арасында үшінші орынға тұрақтады, – делінген федерация таратқан хабарламада.

Турнирдің шешуші кезеңінде Сауат Нұрғалиев қатарынан бес партияда жеңіске жетіп, Италия, Индонезия, Әзербайжан, Ресей және Украина өкілдерінен басым түсті.

Бір ай бұрын ол ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған еді.

Италиядағы турнирде қатысушылардың нәтижелері өте тығыз болды. Мысалы, G14 санатында бірінші орын мен 21-орынның арасын небәрі екі ұпай ғана бөліп тұрды. Сондықтан әрбір тең ойын қорытынды кестеге айтарлықтай әсер етті.

Қазақстанның жас шахматшыларының бірі Марк Смирнов O14 санатында бесінші орын алды. Ал оның командаласы Диас Қуандықұлы 11-орынға жайғасты. Екеуі де бірдей ұпай жинағанымен, қорытынды орын қосымша көрсеткіштер арқылы анықталды.

Бұл санатта үшінші орын алған америкалық Итан Го да Марк Смирнов пен Диас Қуандықұлы сияқты 8 ұпай еншіледі. Оларды чемпиондықтан небәрі бір ұпай ғана бөліп тұрды. Марк Смирновтың жалпы нәтижесіне соңғы турдағы тең ойыны әсер еткен.