Сауат Мыңбаев тағы бір жұмысқа кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының VI съезі өтті. 


Съезд барысында палатаның атқарылған жұмысы туралы есебі, "Атамекен" ҚР ҰКП дамуының жаңа мақсатты моделі және бизнестің түйткілді мәселелері қаралды. Сондай-ақ, төралқа мүшелері сайланды. Олардың арасында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та бар.


"Логистика және көлік комитеті төрағасы өкілеттігінің тоқтауына байланысты төралқа мүшесі Қанат Қалиұлы қызметінен босатылып, оның орнына Сауат Мұхаметбайұлы Мыңбаевты сайлау ұсынылды", - деді "Атамекен" ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.


Ал жақында сотталып кеткен Қазақстан фермерлер одағының бұрынғы басшысы Әуезхан Дарыновтың өкілеттігін тоқтатып, оның орнына "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова сайланды.


Айта кетейік, "Атамекен" құрылған алты жыл ішінде үкіметпен бірге жүйелі негізде бизнес-ортаны жетілдіру бойынша жұмысты жүргізуде. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қазақстандағы іскерлік ахуалды түбегейлі өзгерту бойынша 7 ауқымды заң қабылданған. "Атамекен" сарапшылары 621 жүйелі проблеманы анықтапты, соның ішінде 490 мәселе (79%) шешімін тапқан деп отыр.  


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы