5 Тамыз 2025 2025, 17:56 Фото: One Stop Service "Бір қадам" орталығы

Сауалнама: Сіз өз құқығыңызды білесіз бе?

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында Конституция күніне орай One Stop Service "Бір қадам" орталығының мамандары халық арасында сауалнама жүргізді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында Конституция күніне орай One Stop Service "Бір қадам" орталығының мамандары халық арасында сауалнама жүргізді. Іс-шараны орталықтың үйлестірушісі, заңгер Ләззат Рақышева мен Human Rights Lawyers қоғамдық қорының еріктілері жүзеге асырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сауалнамаға қатысқан 100 адамның 68,2%-ы өз құқықтарын білетінін, ал 31,8%-ы жартылай білетінін айтқан. Респонденттердің пікірі бойынша, балалардың құқығын қорғауда ең басты рөлді ата-ананың жауапкершілігі (41,5%) атқарады. Сонымен қатар мектеп пен балабақша сияқты білім беру мекемелерінің рөлі (35,2%) мен ата-аналарға арналған ақпараттардың жеткіліксіздігі (23,3%) де маңызды фактор ретінде аталды.

Сауалнама қорытындысы қоғамда құқықтық білімді арттыру қажеттігін көрсетті. Халықтың 64,8%-ы азаматтарға тегін құқықтық және психологиялық кеңестер қажет деп санайды. Ал 35,2%-ы мектептер мен оқу орындарында құқықтық сабақтар көбейтілуі тиіс десе, әлеуметтік бейнероликтерге сұраныс болмаған.

Айта кетейік, тұрғындардың жартысына жуығы (49,3%) құқықтық ақпаратты әлеуметтік желіден алатынын айтқан, ал 32,6%-ы бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланатынын көрсеткен.

Фото: One Stop Service "Бір қадам" орталығы

Сауалнама кезінде кейбір азаматтар зорлық-зомбылық құрбаны болған балаларға тегін көмек көрсететін орталықтардың бар екенін білмейтінін айтқан. Осыған байланысты ақпараттандыру жұмыстарын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Осы орайда ұйымдастырушылар орталық қызметі туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 111 жедел желісі туралы ақпаратпен де бөлісті, - дейді заңгер Рақышева.

Жоба ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әділет министрлігінің, сондай-ақ "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып отыр.