Сауалнама нәтижесі сайлау өткен соң ғана жарияланады - штаб мүшесі
Бұл туралы «Адал сайлау үшін» республикалық штабының мүшесі Жанар Бұқанова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Конституциялық реформа кезінде сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілген.
Әлеуметтік сауалнаманы кездейсоқ ұйымдар немесе кез келген адам жүргізе алмайды. Оған «Сайлау туралы заң» арқылы шектеулер қойылған. Мәселен, сауалнама жүргізер алдында зерттеу жүргізетін әртүрлі ұйымдар алдын ала Орталық сайлау комиссиясына өз өтінішін береді. Осылайша, ол тіркеледі. Қажетті құжаттары мен ол ұйымның (сауалнама жүргізетін – ред.) 5 жылдан аса тәжірибесі болуы керек. Қандай сауалнама жүргізілетіні көрсетіледі. Сонымен қатар сауалнамамен қай өңірлердің қамтылатыны да берілуі қажет, - деп атап өтті республикалық штаб мүшесі.
Сонымен қатар ол «Адал сайлау үшін» республикалық штабы сайлаудың адал өтуін қадағалау мақсатында құрылғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта штабтың құрамында 7 мүше бар. Сондай-ақ бүкіл өңірде штабқа өкілдеріміз қамтылған. Басқа елдердің тәжірибесіне тоқтала кетсем. Мысалы, Сингапур елінде сайлау науқаны кезінде әлеуметтік сауалнама жүргізуге заң жүзінде тыйым салынған. Ұлыбританияда аралас, сайлауға дейін немесе кейін жүргізуге болады. Ал АҚШ-та толық бостандық, тіркелу міндетті емес, қай уақытта қорытындыларын жариялайтындарын өздері шешеді. Бірнеше мемлекетте, соның ішінде Қазақстанда, Франция, Италия, Канадада ол заң бойынша шектелген. Яғни алдын ала сауалнама өткізетін адамдар тіркеледі, құжаттарын береді. Сайлау күнінен бес күн бұрын жүргізген сауалнама қорытындысын жарияламайды. Осындай шектеулер қойылған, - деп түсіндірді Жанар Бұқанова.
Бұл өзгерістер сайлау процесіндегі мәселелерді реттеу үшін енгізілген.
Қазір әлеуметтік зерттеулер жүргізу үшін бірнеше ұйым тіркелді. Олар зерттеулерін бүкіл өңірде жүргізеді. Кей ұйымдардың мүмкіндіктеріне қарай 2 мыңнан, 3 мыңнан аса, кейбірі 6 мыңға дейінгі адамды қамтуы мүмкін. Алайда бір ескеретін жайт, қорытынды қандай болмасын, оны сайлауға 5 күнге дейін жариялауға болмайды. Нәтижелер сайлау біткеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының сайтында немесе сол ұйымдардың интернет-ресурстарында, БАҚ-да жарияланады, - дейді штаб мүшесі.
Бұған дейін сайлау сауалнамаларын ұйымдастыру және өткізу тәртібін, әлеуметтік сауалнамаларды өткізудегі заңнамалық жаңалықтар түсіндірілген болатын.