7 Тамыз 2026, 16:15 Фото: gov.kz

Сауалнама нәтижесі: Қазақстандықтардың 68%-ы Құрылтай сайлауынан оң өзгеріс күтеді

Еуразиялық интеграция институты 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеудің екінші кезеңінің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Зерттеу қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігі, ақпарат алу арналары, саяси партияларға қоятын талаптары және Құрылтай сайлауынан күткен үміттері туралы маңызды деректерді көрсетті.

Еуразиялық интеграция институты 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық аясында жүргізілген ауқымды әлеуметтік зерттеудің кезекті нәтижелерін таныстырды.

Еске салайық, 30 шілдеде зерттеудің алғашқы кезеңінде саяси партиялардың рейтингі мен алдағы сайлауға болжамды қатысу деңгейі жарияланған болатын. Бұл жолы зерттеу авторлары сайлау науқанына қатысты қоғамдық көңіл күйге, саяси партиялардың рөліне және жүргізіліп жатқан саяси реформаларға деген көзқарасқа тоқталды.

Зерттеу 16-26 шілде аралығында 17 облыстан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 4000 респонденттің қатысуымен жүргізілді.

Сайлауға қатысу белсенділігі артып келеді

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 78,2%-ы сайлау мен референдумдарға тұрақты түрде қатысатынын айтқан. Сонымен бірге әрбір келесі саяси науқанда азаматтардың қатысу деңгейі біртіндеп өсіп отырғаны байқалады.

Респонденттердің жауаптарына сәйкес:

  • 2023 жылғы парламент сайлауына – 53,4%;
  • 2024 жылғы референдумға – 63,4%;
  • 2026 жылғы референдумға – 75,3% қатысқан.

Зерттеу авторлары бұл көрсеткіштердің Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметтеріне барынша жақын екенін атап өтті.

Азаматтар референдумға не үшін қатысты?

Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумға қатысу себептері де анықталған.

Респонденттердің:

  • 71%-ы дауыс беруді азаматтық парызым деп есептейді;
  • 69,5%-ы саяси реформаларды маңызды санайды;
  • 31,4%-ы дауыс беру – ажырамас демократиялық құқық деп жауап берген;
  • 18%-ы дауыс беру жасына енді ғана жеткендіктен алғаш рет қатысқанын айтқан.

Бұл сұрақта бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілген.

Зерттеу авторларының пікірінше, дәл осы факторлар 23 тамыздағы Құрылтай сайлауындағы сайлаушылар белсенділігіне де ықпал етуі мүмкін.

Сайлау туралы ақпаратты қайдан алады?

Сауалнама қазақстандықтардың сайлау жөніндегі ақпаратты көбіне қай арналардан алатынын да көрсетті.

Алғашқы жетілікке:

  • теледидар – 51,6%;
  • Instagram – 44,5%;
  • жаңалықтар интернет-порталдары – 32,5%;
  • отбасы мүшелерімен және туыстарымен әңгімелесу – 27,4%;
  • TikTok – 23,8%;
  • жұмыс орнындағы ақпарат – 22,5%;
  • достарымен пікір алмасу – 21,7% енген.

Бұл сұрақта да бірнеше жауапты қатар таңдауға мүмкіндік берілген.

Зерттеу нәтижесі теледидардың саяси ақпараттың негізгі көзі ретіндегі орнын сақтап отырғанын көрсетті. Әлеуметтік желілер арасында Instagram мен TikTok көш бастап тұр. Сонымен бірге азаматтар сайлау мәселесін отбасы, достары және әріптестерімен жиі талқылайды.

Қазақстандықтар Құрылтайдан қандай өзгеріс күтеді?

Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі жаңа Конституция қабылданғаннан кейін құрылған бір палаталы Құрылтайдың жұмысына оң көзқарас білдірген.

Респонденттердің 68%-ы Құрылтай сайлауынан кейін елде оң өзгерістер болады деп күтетінін айтқан.

Сонымен қатар:

  • 48,8%-ы сайлау әділ өтетініне сенеді;
  • 43,3%-ы сайланған депутаттар азаматтардың мүддесін қорғайды деп есептейді;
  • 35,9%-ы жаңа депутаттардың келуі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді деп санайды;
  • 23,8%-ы саяси мәдениет деңгейі өседі деп күтеді;
  • 22,3%-ы депутаттардың сайлаушылармен ашық байланыс орнатқанын қалайды.

Саяси партия қандай болуы керек?

Сауалнама барысында респонденттер тиімді саяси партия қандай болуы керектігі туралы да пікір білдірген.

Ең көп аталған басымдықтар:

  • 44% – елдің экономикалық өсімі мен өркендеуіне ұмтылуға тиіс;
  • 33,2% – әлеуметтік әл-ауқат пен теңдік мәселесіне басымдық беруі керек;
  • 32,4% – елдің болашағына қатысты нақты әрі түсінікті көзқарас ұсынуы қажет.

Бұдан бөлек, қатысушылардың пікірінше, саяси партиялардың харизмасы жоғары көшбасшылары болуы, заң шығару жұмысына белсенді араласуы, азаматтарға нақты пайда әкелетін бастамаларды ұсынуы, демократиялық қағидаттарды ұстануы және бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы сайлаушылармен тұрақты байланыс орнатуы маңызды.

«Қоғамның саяси үдерістерге қызығушылығы артып келеді»

Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекшісі Гүлден Емішованың айтуынша, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Оның сөзінше, азаматтар сайлауға қатысуға дайын екенін білдіріп қана қоймай, саяси партиялардың қандай бағытта жұмыс істеуі керектігіне қатысты да нақты ұстаным қалыптастырған.

Сауалнама барысында азаматтардың сайлауға деген көзқарасы ғана емес, олардың ақпаратты қайдан алатыны, саяси партиялардан қандай нәтиже күтетіні және жаңа Құрылтай жұмысына қандай үміт артатыны жан-жақты зерделенді. Алынған мәліметтер халықтың саяси реформаларға қызығушылығы жоғары екенін және сайлау науқанына саналы түрде қатысуға ұмтылатынын көрсетіп отыр, – деді Гүлден Емішова БАҚ өкілдеріне өткізілген арнайы брифингте сауалнама нәтижесін таныстыра отырып.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері саяси партиялар үшін де маңызды тәжірибелік мәнге ие.

Бұл деректер партияларға сайлаушылармен жұмыс тәсілдерін, ақпарат тарату арналары мен үгіт-насихат мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазіргі электоралдық кезеңдегі қоғамның негізгі сұраныстары мен басымдықтарын айқындауға көмектеседі, – деді Еуразиялық интеграция институты әлеуметтік зерттеулер департаментінің жетекшісі.

Айта кетейік, зерттеу іріктемесі Қазақстанның 18 жастан асқан тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық құрылымына барынша сәйкес келетіндей қалыптастырылған. Сенімділік ықтималдығы 95% болған жағдайда статистикалық қателік ±1,54%-ды құрайды.