Сауалнама нәтижесі: Әлемде АҚШ-тың жаһандық көшбасшылығына қолдау төмендеді
Сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы АҚШ пен Қытайдың қатысуынсыз да мемлекеттердің өзара ынтымақтасуын қолдаған.
Әлемде халықаралық ұйымдарға деген сенім артып келеді, алайда АҚШ пен Қытайдың жаһандық көшбасшы рөлін атқаруына қолдау салыстырмалы түрде төмен. Бұл Рокфеллер қорының тапсырысымен жүргізілген халықаралық сауалнама нәтижесінен байқалды.
Reuters-тің хабарлауынша, сауалнама 21 шілде мен 5 тамыз аралығында 34 елде жүргізіліп, оған 35 мыңнан астам адам қатысты. Респонденттердің шамамен 70%-ы кейінгі бір жылда әлемдегі жағдай нашарлады деп есептейді. Ал 38%-ы ғана алдағы бес жылда өз елінің экономикасы жақсарады деп күтеді.
Соған қарамастан, халықаралық ынтымақтастықты қолдайтындар үлесі артқан. Респонденттердің 57%-ы қауіпсіздік секілді жаһандық мәселелерді шешу үшін мемлекеттер кейбір ұлттық мүдделер бойынша ымыраға келсе де, бірлесіп әрекет етуі керек деп санайды. Былтыр бұл көрсеткіш 55% болған.
Сауалнамаға қатысқандардың 61%-ы АҚШ пен Қытайдың қатысуынсыз да мемлекеттердің өзара ынтымақтасуын қолдаған. Әлемдік істерде жетекші рөл атқаруына қолдау Канадада – 60%, Жапонияда – 58%, Австралия мен Еуропалық Одақта – 55%-дан болды. АҚШ үшін бұл көрсеткіш 39%, Қытай үшін 37%, Ресей үшін 26% деңгейінде тіркелді.
Сонымен қатар халықаралық институттарға сенім өскен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына сенім 61%-дан 69%-ға, БҰҰ-ға – 58%-дан 62%-ға, Дүниежүзілік банкке – 46%-дан 55%-ға, Халықаралық валюта қорына – 43%-дан 51%-ға көтерілген.
Респонденттердің 42%-ы Ресейді елеулі қауіп ретінде атаған. АҚШ-ты қауіп деп санайтындар – 34%, Қытайды атағандар – 30%.