Сатыдағы оқушылар өлімі. Бейсембаев марқұмдардың жақындарына көңіл айтты
Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында жасөспірімдер арасында қайғылы оқиға болып, салдарынан екі оқушы қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі Алматы, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы жағдайлар бойынша шұғыл кеңес өткізді.
Ведомство басшысы Ғани Бейсембаев әріптестеріне елімізде соңғы уақытта жасөспірімдер арасында болып жатқан жағдайға байланысты жиналып отырғандарын айтты.
Баршаңыз Қызылорда, Түркістан, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдайларды естідіңіздер. Алматы облысында да жантүршігерлік оқиға болып отыр. Министрлік бұл жағдайды кейбір жасөспірімдер арасындағы шектен тыс зұлымдықтың, қатыгездіктің көрінісі деп есептейді, - деді министр.
Ол мұндай оқиғалар ешбір жерде, ешбір уақытта қайталанбауы тиіс екенін айтты.
Бұл жағдайға қатысты қылмыс жасағандар заң тәртібінде қатаң жауапқа тартылуы керек. Біз мұны қадағалаймыз, - деді Бейсембаев онлайн кеңесте.
Оқу-ағарту басшысы Түркістан және Алматы облыстарында мерт болған оқушылардың ата-аналарына, туған-туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтты.
Біз бұл жағдайды үлкен ауыртпашылықпен қабылдадық. Министрлік бірден Балалардың құқығын қорғау уәкілдері, аймақтың сапаны қамтамасыз ету департаменттері, психологтар, полиция және денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен арнайы комиссия құрып, жедел әрекеттер жасады. Қазіргі кезде комиссия жұмысын істеп жатыр, - деп түсіндірді ол.
Сөзінше, осы жағдайға байланысты Оқу-ағарту басшысы Ішкі істер министрімен де тығыз байланыста. Ғани Бейсембаев құқық қорғау органдары жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізетінін баяндады.
Айта кетейік, кеше Aлматы oблыcы Кeгeн aудaны Caты aуылындa 10-cынып oқушыcы қaйтыc бoлып, күдікті рeтіндe 11-сынып оқушысы қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ кеше қайтыс болған оқушының сыныптасы өзіне қол жұмсағаны белгілі болды.