"Сәтсіз қашу операциясы": Түркістан облысында полицей пара алу кезінде ұсталды
Түркістан облысында пара алу кезінде аудандық полиция қызметкері ұсталды. Ол қашуға әрекет жасады, алайда жедел қызметкерлер оның қашып кетуіне мүмкіндік бермеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚКД-мен бірлесіп, құқыққа қайшы әрекеттер жасады деген күдікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкерін ұстады.
Желіде ұсталған қызметкердің қашпақ болған сәттегі видеосы тарады.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы ретте Полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өткізіліп, оның шешімімен қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды. Сондай-ақ басқа жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру жүргізілуде, - деп хабарлады Түркістан облысының ПД баспасөз қызметі.
Өңірдің Полиция департаменті өз қатарларын мұндай арам пиғылды қызметкерлерден тұрақты негізде тазарту, қызметтік тәртіпті нығайту және жеке құрам арасында заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды үздіксіз және жүйелі түрде іске асыратынын мәлімдеді.