Сәтқалиев: АЭС қауіпсіздігі халықаралық сараптамамен расталады

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Агенттіктің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, ол Қазақстан ұлттық заңнамамен қатар, Ядролық қауіпсіздік туралы конвенция, Пайдаланылған отын мен радиоактивті қалдықтарды қауіпсіз басқару жөніндегі бірлескен конвенция, Ядролық апат туралы жедел хабарлау конвенциясы, Ядролық материалдарды физикалық қорғау туралы конвенция, Ядролық немесе радиациялық апат жағдайында көмек көрсету туралы конвенция, Ядролық залал үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік жөніндегі Вена конвенциясы және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт аясындағы халықаралық міндеттемелерді де басшылыққа алатынын атап өтті.

Ең жоғары ашықтық пен сенімділікті қамтамасыз ету мақсатында тәуелсіз халықаралық сараптама тартылады. АЭХА мүше мемлекеттерге кең ауқымды қызметтер ұсынады: шолу миссиялары, сараптамалық бағалау, консультациялар, оқыту және техникалық көмек, соның ішінде ядролық қауіпсіздік пен физикалық қорғау мәселелері бойынша. Бұдан бөлек, Қазақстанда EPREV миссиясын – ұлттық апаттық дайындық пен әрекет ету жүйесін талдау жұмыстарын өткізу қарастырылып отыр, – деді А.Сәтқалиев.

Оның айтуынша, халықтың және қоршаған ортаның қауіпсіздігі атом саласындағы мемлекеттік саясаттың абсолютті басымдығы болып табылады. АЭС-ті пайдалануға беру бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және жобалық шарттардың толық спектрін қамтиды. Әрбір кезеңге көшу – алғашқы отынды жүктеуден бастап реактордың критикалық күйіне жету мен номиналды қуатқа шығуға дейін – тек сынақтардың оң қорытындысынан кейін және уәкілетті реттеуші органның тиісті рұқсаттарын алған соң ғана жүзеге асырылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы