Сәтбек Мүкин – қазақ қымызын әлемге танытқан кәсіпкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының Аққулы ауданы Қазы ауылында туып-өскен. Осы ауылдың Қызыл тұз атты бөлімшесінде мектеп бітіріп, одан соң институтқа, әскерге барды. Тәжікстанның Душанбе қаласында әскери борышын өтеп жүрген Сәтбек Мүкиннің әкесі Айқошқар 1987 жылдан бастап жеке шаруашылықпен айналысуды қолға ала бастайды.

Ол кезде шаруа қожалығы емес, «Жалға беру кәсіпорны» деп аталатын. Кеңес үкіметі әлі ыдырамаған кез. Соған қарамастан жеке шаруашылықпен айналысқысы келетіндерге совхоздан мүмкіндік беретін.

Сол бойынша совхоздан 30 тайынша алған Айқошқар мал бағудың барлық қиындығына қарамастан жұмысты бастап кетті.

Бір жылдан кейін 30 тайынша 30 бұзаулы сиыр болды. Оған арнап совхоздан арнайы жер берілді. Айқошқар ақсақал мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, ол жерге қора-қопсы салып, 1989 жылдан бастап мал басын көбейтумен шындап айналыса бастады.

Арада төрт жыл өткен соң 1992 жылы ел тәуелсіздігін алып, жеке мемлекет болып, өз қолымыз өз аузымызға жетіп, екі тізгін, бір шылбыр қолға тиген соң Айқошқар ақсақал Сәтбекті шақырып алып, «Енді шаруашылық тізгінін өз қолыңа ұста. Өз атыңа жаздырып, өзің басқаратын боласың» деген әкелік тапсырмасын береді.

Сәтбек Айқошқарұлы иығына ауыр жүк артылып, мойнына үлкен жауапкершілік жүктелгенін түсінеді. Соған қарамастан барлық міндетті өз қолына алып, шаруа қожалықтың атауын «Алтай» деп атап, жаңа серпінмен жұмысқа араласады.

Сол бір қиын-қыстау кезден бүгінгі жаймашуақ өмірге қол жеткізгенше талай кедергілерді, талай тар соқпақты жүріп өткен Сәтбек Айқошқарұлы бүгінде ел ағасы жасқа жеткен, өмірдің оң-солын көріп, тісқақты болған азамат.

Шаруа қожалығының тізгіні өз қолына тиген соң Сәтбек Мүкин әуелі жылқы өсіруге көңіл бөледі. Алайда «Алтай» шаруа қожалығы деп атын өзгертіп, жұмысқа кіріскен сәтте оның алдында 100-ге жетер-жетпес қой, 30-дан астам сиыр, 50-ден астам жылқы болған еді.

Ширек ғасырдан астам уақытта «Алтай» шаруа қожалығы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінде «Алтай» сауда белгісімен шығатын қымыз әлемдегі ең үздік тауар атанды. Бұл жетістікке де оңайлықпен жеткен жоқ. Газсыз қымызды 60 тәулік сақтап, оны сол қалпында пайдаланатын мүмкіндік бүгінгі күні «Алтай» шаруа қожалығында ғана бар.

Әлем үздігі атану жолында да аз тер төгілген жоқ. Бұл жолда Сәтбек Айқошқарұлына өзінің туған апайы – Қорлығайын Айқошқарқызы көп көмектесті. Семейдегі тері өңдеу техникумын бітірген жас маман қымыз түрлерін жасаудың жаңа тәсілдерін ойлап табады.

Ол алдымен қымыздың да, айранның да ең әуелі сүттен және сүт ашытқысынан жасалатынын анықтайды. Содан кейін алыс-жақындағы көрші ауылдардың қымыз жасау технологиясын зерделейді. Артынша өзі ойлап тапқан технология бойынша қымыз ашытып, оған мейіз (жүзім) қосып көреді. Жас ғалымның бұл әдісі де жеміссіз болған жоқ. Мейіз қымыз құрамындағы микробтарын өз бойына сіңіріп алады. Егер қымызға сары мейіз қосса – қымыз сарғыш болады да, қара мейіз қосса – тобылғы түсті қымызға айналатынын байқайды.

Мұнан соң Қорлығайын қымыз температурасын тұрақтандыру үшін іздене бастайды. Оның да тетігін табады. Барлық сұйықтық 100 градуста қайнаса, бие сүтінің қайнау температурасы – 78 градус қана. Қорлығайын осы ерекшелікті тиімді пайдаланып, құрғақ қымыз өндіруге де бір табан жақын қалады.

«Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» дегендей 2007 жылы барлық мүмкіндіктерге қол жеткізуге бір ғана қадам қалғанда Қорлығайын Айқошқарқызы дүниеден өтеді. Әпкесінің қазасы Сәтбекті тұралатып кеткен еді. Әпкесімен бірге небір жоба-жоспарлар құрып, қай жерге қандай цех салып, қай жерде қандай қымыз өндіру керегін ақылдасып қойған-ды. Қымызды халықаралық лабраторияларда тексертіп, отандық брендке сертификат аламыз деген армандар болған. Енді...

Шынымен шаруашылығы тоқырап қалуға айналады. Қаншама еңбек, қаншама зерттеу, қаншама жоба-жоспар, қаншама арман-мақсат бір сәтте желге ұшуы мүмкін еді.

Сәтбекті қайта қалпына келтірген сол апайымен бірге отырып армандаған, жоспарлаған дүниелер болды. Әпке арманын орындауға деген ұмтылыс оған күш берді.

Бір жылдың ішінде бар күш-жігерін жинап, халықаралық сертификатты да алды, Қазақстанда алғашқы болып қымыз өндірудің жеке «Алтай» шаруа қожалығының стандартын бекіттіреді. Ол кезде республика бойынша бір-ақ стандарт – республикалық стандарт қана болатын. Екінші болып Сәтбек басқаратын «Алтай» шаруа қожалығының стандарты тіркелді.

Стандарт алудың жұмысы да, шығыны да аз болған жоқ. Әуелі жаңа сауылған 100 литр қымызды Алматыдағы стандарттау орталығының лабраториясына тапсырады. Күнде белгілі бір уақытта 1 литр қымыздан алып, құрамын, сапасын тексеріп отыру керек. Әр тексерістің құны 20 мың теңгеге жуық.

Тексеріс 90 күнге жалғасты. «Алтай» қымызының сақтау мерзімін 60 күн деп белгіледі мамандар. Негізі тексеруді 120 күнге жалғастырып, сақтау мерзімін 90 күнге бермекші болған. Оған Сәтбек Мүкиннің өзі келіспеді. Себебі қымыздың сақтау мерзімі екі ай болса да аз уақыт емес. Қанағат керек. Әрине, қазақы қарапайым түсінікпен 60 күн емес, 6 ай сақтауға да болады. Бірақ ондай қымыз қымыз емес, улы қышқылға айналып кететіні дәлелденген. Сондықтан да «Алтай» қымызы 60 тәулік сақталса да болады деп ойлады. Республикалық стандарт бойынша қымыздың сақтау мерзімі 72 сағат.

Сертификат қолға тиген сәтте Сәтбектің қуанышында шек болған жоқ. Әпкесінің бір арманын орындады. Өкініші де жоқ емес. Бұл күнді Құсни-Қорланның өз көзімен көргені қандай ғанибет болар еді...

Осы сәттен бастап «Алтай» шаруа қожалығының тасы өрге домалай бастады. 2008 жылы халықаралық сертификатты алған соң, бір жылдан кейін, яғни 2009 жылы Германиядан шақыру келді. Онда анау-мынау емес, бүкіләлемдік «Жасыл апталық» көрмесіне қатысуға ұсыныс жасалады. Бұған еліміздің Ауылшаруашылық министрлігі де қолдау білдіреді. Себебі қымыз өндіру саласында халықаралық сертификаты бар бірден-бір кәсіпорын осы «Алтай» болатын.

Бұған дейін халықаралық көрмені қойып, республикалық жәрменкеге қатысып көрмеген кәсіпкер үшін бұл таңсық еді. Көрмеге қойылатын қымыз да қарапайым пластик құтыларда болатын. Барлығы жақсы еді... тек осы пластик бөтелкелер ғана стандартқа сай емес болып шықты.

Иә, барлығы да ойдағыдай болған. Көрмеге келушілер қымыздың дәмі кермет болғанын айтысты. Алайда, орын бұйырмады. Сәтбек Айқошқарұлы оған көңілін түсірген жоқ. Бірақ, қымызды экологиялық таза, қымыз құрамына әсер етпейтін құтыға құю керегін түсінді. Бұл алдағы әлем біріншілігін алуға жақсы мүмкіндік, озық тәжірибе болды.

«Жолы болар жігіттің жолдасы шығар алдынан» дегендей, Сәтбек Мүкиннің көптен араласып, бірлесе қызмет етіп жүрген жолдасы бар-тын. Олег Толмачев ірімшік (сыр) өндіреді. Сәтбек оның фирмасына сүт өткізеді. Екеуі ақылдаса келе құрғақ сүт өндіретін үлкен техника сатып алады. Енді Олег құрғақ сүт өндірсе, Сәтбек құрғақ саумал мен құрғақ қымыз өндіруге кіріседі.

Әпке арманының тағы бірі іске аса бастады.

Республика былай тұрсын, әлемде құрғақ қымыз өндіретін бірде-бір өндіріс орны жоқ. Сәтбек құрғақ қымыз өндіремін дегенде отандықта қойып, мәскеулік ғалымдар күлген. «Қымызды құрғатуға болады, бірақ қайта су қосқанда градусын сақтай алмайсың ғой» - дегендер көп болды. Бірақ, Сәтбек Мүкин сөзінде тұрды.

2017 жылы Гонконгте өткен бүкіләлемдік «HKTDC Food Expo» көрмесінде «Алтай» шаруа қожалығының құрғақ қымызы әлемдегі ең үздік өнім атанды.

Құрғақ қымыздың бір ерекшелігі су қосып, қайта қымыз қалпына келтіргенде ешқандай қасиетін жоймайды. Тіпті қымыздық қышқылын, дозасын да сақтайды.

2017 жылы Гонконгте бірінші орынды алған соң, 2018 жылы Лондонда өтетін көрмеге тағы жол тартады. Ол жерде Қазақстаннан барған қатысушыларды сондағы қазақ диаспорасының өкілі Исмаил Кесиджи қарсы алады.

Лондон көрмесінде «Алтай» қымызы орын алмады. Тіпті көрмеге де қатысқан жоқ. Себебі бұған дейін «Алтай» қымызы әлем біріншілігін иеленіп қойған. Керісінше қазақстандық қымыз әлем үздіктерінің қатарында, құрметті орынға жайғастырылыпты. Көрменің ашылу салтанатында әлемде теңдесі жоқ қазақтың құрғақ қымызы 2017 жылдың үздік өнімі ретінде таныстырылды.

«Сіз біздің қатысушымыз екеніңізді білеміз. Бірақ, сіз 2017-де жеңімпаз атандыңыз ғой, тағы қатысып, тағы жеңімпаз атанғаннан ештеңе өзгермейді. Бұған дейін қатысып көрмегендер, жүлде алмағандар қатыссын» - деген ұйымдастырушылардың сөзі ой салды.

Сәтбек Айқошқарұлы Қазақстанда «Алтын сапаға» жыл сайын қатысатын. Лондон төріне барып тұрып көрмеге қатыспай кеткеніне аздап қынжылса да, бұл үрдістің дұрыстығына мойынсұнды. Бір рет үздік атанғаннан кейін, ол биікті қайта бағындырудың еш қызығы жоғын ұқты.

Оның қымыз жасау технологиясы да ерекше. Негізінен қымыз жасаудың қазақы дәстүрлі технологиясын ұстанады. Дегенмен, сапа мен стандартқа бағына отырып, газдалмаған қымыз өндіреді. Қымыз қорын байырғы дәстүрмен дайындайды. Содан кейін күбіге не сабаға емес, бір жолда 200-300 литр саумал сиятын арнайы аппаратта, минутына 700-750 рет айналдырады.

Жалпы саумалды сауып алғаннан кейін оны саумал күйінде қалдыру мен қымызға айналдырудың технологиясы әртүрлі. Мысалы саумалды сауып алғаннан кейін, салқындатады. Содан кейін оны 38 градусқа дейін қайта жылытып, қорын (ашытқысын) қосады. Осы температурада 7-8 сағат тұрады. Содан кейін ғана оны пісуге (айналдыруға) қояды. Пісуі қанған қымызда газ болмайды.

Қазіргі заман технологиясы мен талғамына, стандартына сай қымыз өндіру дәстүрлі қымыз өндірісінің кейбір ерекшелігін ескертпейді. Бұрын тай қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз, тіпті көбігі бұрқырап, тегенеге құйғанда өз-өзінен сырылдап тұратын бесті қымызға дейін тұратын. Ал қазіргі уақытта қымыз құрамының өзгермеуін қадағалай отырып, 60 тәулікке дейін сақталатын қымызды құнан-дөнен деп бөле алмасыңыз анық.

Бұрын қымызды ұзақ мерзімге сақтаудың қажеттілігі де болмаған. Ал қазір дүкендерде кейде 1-2 апта тұрып қалуы мүмкін. Дәстүрлі қымыз өндіру технологиясы бойынша өндірілген қымыздар бір аптадан асқан соң оның құрамындағы қышқыл мөлшерден тыс көбейіп кетеді де, улы сарсуы молаяды. Оны қазіргі адамдардың денсаулығы көтермейді.

Сәтбек Мүкин өндіретін қымызды бұған дейін еліміздің бірнеше облысы арнайы тапсырыс беріп алдырып келген. Өткен жылдан бері Ресейдің бірнеше өңірі тұрақты тұтынушыға айналды. Олар көбінде «Алтай» қымызын дәрі ретінде қолданады. Биылдан бастап Қытай елінен қызығушылық білдірушілер көбейді. Өкінішке қарай Қазақстан мен Қытай арасында сүт өнімдеріне мораторий жарияланған. Қытай тарапы бұған да амал тапқан. Сәтбек Айқошқарұлына Чехиядан бір сауда орнын ашып, соған қымыз жеткізіп отыруды ұсынған. Әрине, Сәтбек үшін бұл «Еуропаға ашылған терезе» болар еді. Бірақ Сәтбек бұл ұсыныстан бас тартты. Әзір мұндай қадамға дайын емесін іштей сезді. Бұл алдағы уақыттың еншісінде. Ал Оңтүстік Кореядан түскен ұсыныстан бас тарта алмады. Қазір солармен бірлесіп жұмыс істеудің қамымен жүр.

Олардың талабы күшті. Шеттен келетін тауарды әуелі мемлекет тарапы тыңғылықты зерттейді. Халыққа пайдасы барын анықтаса ғана рұқсат беріледі. Осы рұқсатты алу үшін бір жыл уақыт кетті. Біздің елде болса... Әлдеқашан, ешкімнің бетін қайтарып, қолын қақпастан рұқсат бере салар еді.

Сонау 1992 жылдары 15-20 биемен бастаса да, қазіргі күні сауын автоматына үйретілген 100-ден астам бие бар. Сәтбек Айқошқарұлының бие саууда да өзіндік ұстанымы бар. Қымыз ашытып, бие сауғанның жөні осы екен деп рәусә етіп сауа беруді жаны қаламайды. Шағындап, тапсырысты орындап, өзінің керегіне жарайтынын ғана алып, артық қымыз ұстағысы келмейді. Сондықтан қымыз фермасында күніне 20-30 ғана бие сауылады. Сұраныс болса басқа биелерді де сауынға қоюға болады.

Сұраныс демекші, «Алтай» қымызын іздеп жүріп алатындар көп. Елден ерекше, 0,5 литрлік әйнек бөтелкелерге құйып, «кәдесыйдай» етіп қойған қымызды көрген адам бірден алғысы келеді. Осы әйнек бөтелкелер үшін Сәтбек Мүкин Мәскеудегі «Руский Хрустальмен» келісімшарт жасасқан. Қазір қымыз құятын құтыларды тек солардан алады.

Бірде күтпеген жағдай болды. Өзіне керек косметикалық майлар сатып алған Сәтбектің қызы Даяна сол кремдерге құрғақ қымыз қосып көреді. Нәтижесі таңқалдырарлықтай! Әуелі ол өзі ғана тұтынатын бұл кремдерді. Артынша Олег Толмачевпен бірге бұл қолданысты кеңейте түсті. Тіпті бірнеше республикалық көрмелердің жеңімпазы да болып үлгерді.

«Алтай» шаруа қожалығы да елмен бірдей мемлекеттен қаржылай қолдау көреді. Әрине, қарызға. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының барлық мүмкіндігін пайдаланады. Мысалы 1 литр қымызға 60 теңге субцидия алады. Ал «Алтайдан» жылқы сатып алған кәсіпкерлерге әрбір жылқы үшін 100 мың теңге көлемінде субцидия беріледі. Мұнан бөлек етке, мал басына берілетін субцидияны да уақытында алып отырады.

Қазіргі кезде «Алтай» шаруа қожалығы 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстарға келетіндер де бар.

Сәтбек Айқошқарұлының бір ғана тілегі бар.

«Еліміз ақырындап дамып келеді ғой. Осы дамуы тоқтамасын! Соңғы кезде шаруашылыққа көңіл бөліне бастады. Бұл біз секілді малмен күнін көріп отырғандар үшін үлкен көмек. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары нағыз ауыл халқына арналған бағдарламалар. Солар тоқтап қалмаса екен» - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы