Кеше 2026, 20:56 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Сәтбаевта жалған нөмір таққан жүргізуші жауапқа тартылды

Сот процесі барысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.

Сәтбаев қалалық соты көлік құралын жалған мемлекеттік тіркеу белгісімен басқару фактісі бойынша әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сотта анықталғандай, «Ш» есімді азамат өзіне тиесілі автокөлікті қаладағы Абай көшесі бойында шынайы емес, яғни заңсыз мемлекеттік нөмірмен жүргізген. Бұл әрекет Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық болып табылады.

Сот процесі барысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген. Іс материалдары мен ұсынылған дәлелдер жан-жақты қаралып, құқықтық баға берілді, - деп хабарлады Сәтбаев қалалық соты.

Нәтижесінде сот қаулысымен азамат аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 тәулікке әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Мұндай заңбұзушылықтар жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретіндіктен, қолданыстағы заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген.