Сәтбаевта көлік қағып кеткен 13 жастағы қыз көз жұмды
Сәтбаев қаласында жеңіл көлік жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 13 жастағы қызды қағып кетті. Қыз бала алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайғылы оқиға 16 маусым күні тіркелді. Жол-көлік оқиғасына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Көлік жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Облыстық полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу облыстық полиция басшылығының бақылауында», — делінген хабарламада.
Тексеру кезінде оқиға орнында жаяу жүргіншілер өткеліне арналған жол белгілері мен сызықтарының болмағаны анықталған. Осы себепті Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдарға жолға жаяу жүргіншілер жолағын сызу туралы ескерту жасалған.
Еске салайық, осыған дейін Сәтбаевта қыз зорламақ болған ер адам ұсталғаны хабарланған.