Сәтбаевта 60-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр
Мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы арнайы комиссия құратынын хабарлады.
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында 60-қа жуық отбасы апатты деп танылған көпқабатты үйде тұрып жатыр. Наурыз көшесіндегі №150 үйдің жағдайына тұрғындар алаңдаулы. Олардың айтуынша, ғимарат қабырғаларында жарықтар пайда болып, кей бөліктері майыса бастаған.
Тұрғындар үйді қауіпсіз жерге көшіруді немесе өтемақы төлеуді сұрап отыр. Олардың сөзінше, баспананың жағдайы әсіресе қыс мезгілінде қиындай түседі.
Мәселе бойынша қалалық тұрғын үй инспекциясы арнайы комиссия құратынын хабарлады.
Нақты осы үйге қатысты қазіргі таңда комиссия құрылған жоқ. Сондықтан әзірге ақпарат бере алмаймын. Арнайы комиссия құрылып, оның шешімі қосымша хабарланады. Комиссияны осы аптаның соңына дейін құру жоспарланып отыр. Келесі аптаның басында қорытындысын айтамыз, – деді Сәтбаев қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлмира Нұрманова.
Қазіргі таңда Сәтбаев қаласында 28 апатты және 223 тозығы жеткен үй тіркелген.